
Адамның орнына құтқарушы-робот деген міндет Қарағанды облысында өткен Dosimetricrobot – 2026 облыстық байқауына қатысушыларға жүктелді. Бұл байқауда мектеп оқушылары химиялық және радиациялық қауіп аймақтарында жұмыс істей алатын, адам өміріне төнетін қатерді азайтатын құрылғылардың прототиптерін ұсынды.

Конкурсты Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті өңірлік білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастырған.
— Басты идея — химиялық заттардың төгілуі сияқты төтенше жағдайларда адамды алмастыра алатын роботтың прототипін жасау болды. Ол қашықтан өлшеу жүргізіп, аумақты тексеріп, қауіп деңгейін анықтауы тиіс. Бұл құтқарушыларды зақымданған аймаққа жібермеуге мүмкіндік береді және олардың өміріне төнетін қауіп-қатерді азайтады, — деді Қарағанды облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Ерасыл Сайпаш.

Байқауға жеті команда қатысты. Бірінші кезең жобаларды қорғау форматында өтті: қатысушылар өз әзірлемелерін таныстырып, техникалық шешімдері, жабдықталуы және роботтардың мүмкіндіктері туралы баяндады. Күннің екінші жартысында жарыс арнайы дайындалған полигонда жалғасты. Онда құрылғылар кедергілер жолағынан өтіп, шартты зардап шеккен адамды іздеу және өлшеу жұмыстарын орындау тапсырмаларын атқарды.

Бұл сайыста Шахтинск қаласындағы Оқушылар сарайының командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды Қарағанды Оқушылар сарайы иеленсе, үшінші орынға ақпараттық технологиялар бағытындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары жайғасты.

Жеңімпаз команданың роботы барлық тапсырманы сәтті орындады: дозиметриялық жабдықты жеткізіп, шартты төгілу аймағында өлшеу жүргізді, кедергілерден өтті және операторға тұрақты бейнебайланыс қамтамасыз етті. Оның ерекшеліктері қатарында жарықтандыру жүйесі, манипулятор, камера, бір шақырымға дейінгі басқару қашықтығы және зардап шеккен адам анықталған кезде берілетін дабыл жүйесі бар. Құрылғы тегіс емес бетте тұрақтылық пен жақсы жүріс қабілетін көрсетті.

Команда құрамында 8–10-сыныптардан бес оқушы және екі педагог жұмыс істеді.
Команда жетекшісі, Шахтинск Оқушылар сарайының қосымша білім беру педагогі Яков Морозовтың айтуынша, бұл жоба олар үшін маңызды инженерлік тәжірибе болды.

— Байқаудың ерекшелігі — мұнда оқушылар мен педагогтер үшін кең конструкторлық мүмкіндіктер қарастырылған. Менің сегіз жылдық жұмысымда алғаш рет осындай ауқымды жобаға қатыстым. Бұл адамдарға нақты пайда әкелетін құрылғы жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұнда дербес инженерлік шешімдер қажет, бұл өз идеяларын жүзеге асыруға жол ашады, — дейді педагог.
Конкурсты ұйымдастырушылар — ТЖ департаменті — бұл техникалық шешім негізінде болашақта ірі өнеркәсіптік үлгідегі құрылғы жасап, оны нақты жағдайларға барынша жақын ортада сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, көлік құралдарында және қауіпті заттар төгілген апаттық жағдайларды модельдеу арқылы тестілеу жүргізіледі. Апробациядан кейін бұл әзірлемені төтенше жағдайларды жоюда практикалық қолдану мүмкіндігі қарастырылатын болады.