Шахтинскіде адамдарды құтқарғаны үшін бес полицей медальмен марапатталды

Шахтинскіде адамдарды құтқарғаны үшін бес полицей медальмен марапатталды

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қарағанды облысының бес полицейі «Ерлігі үшін» мемлекеттік медалімен марапатталды. Қызметкерлер Шахтинск қаласында газ баллоны жарылған кезде адамдарды құтқару барысында батылдық пен жанқиярлық танытқан.

Polisia.kz polisia.kz сайтының хабарлауынша, қызметтік міндетін атқару кезінде зардап шеккен полицейлерге ІІМ Кадр жұмысы департаментінің бастығы Олжас Мырзабеков пен Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов ауруханаға арнайы барып, жағдайын біліп қайтты.

Мемлекет басшысының атынан «Ерлігі үшін» медалі Руслан Тазиевке, Асхат Бердібековке, Нұргелді Құлжабековке, Ерназ Үскенбаевқа және Дулат Ситахметовке табысталды.

— Төтенше жағдай кезінде сіздердің батыл әрі жанқиярлық әрекеттеріңіз, адамдарды құтқару үшін өз өмірлеріңізді қатерге тігуге дайын болғандарыңыз Мемлекет басшысы тарапынан жоғары бағаланды. Сіздер нағыз кәсіби шеберлік пен рух мықтылығын көрсеттіңіздер. Мұндай ерлік әрдайым есте сақталып, жас қызметкерлерге үлгі болады. Сауығып шыққаннан кейін қайта сапқа қосылып, қоғам мен мемлекетке адал қызмет етуді жалғастырасыздар деп сенемін, — деді Олжас Мырзабеков.

Полицейлер Мемлекет басшысына және ІІМ басшылығына көрсетілген жоғары бағасы үшін алғыс білдірді.

— Біз тек бір нәрсе туралы ойладық — адамдарды тезірек құтқару. Ешкім өз өміріне төнген қауіп туралы ойлаған жоқ. Бұл — біздің кәсіби әрі адамгершілік борышымыз, — деді патрульдік полиция взводының инспекторы Ерназ Үскенбаев.

Дулат Ситахметовтің айтуынша, мемлекеттік награда оған қызметін одан әрі абыроймен жалғастыруға қосымша серпін берген.

Еске салайық, 23 наурыз күні Шахтинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бір пәтерінде газ баллоны жарылып, өрт шыққан. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері тұрғындарды дер кезінде эвакуациялап, адамдарды құтқару кезінде жарақат алған.