
Қарағандылық құтқарушы Александр Комаров Санкт-Петербургте өткен халықаралық «Белые ночи» турнирінде алтын медаль жеңіп алды. Ол гір спорты бойынша 85 келіге дейінгі салмақта «ұзын цикл» дисциплинасында өнер көрсетіп, мықты қарсыластарынан озып, бірінші орынды иеленді.

Дүбірлі додаға 14 елден 800-ден астам спортшы қатысты.
— Мен екі қолға 32 келіден гір ұстап, 70 рет көтеру нәтижесімен жеңіске жеттім. Оның ішінде екі көтеруімді төрешілер есепке алмады, бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Соған қарамастан, бұл қорытынды нәтижеге әсер еткен жоқ. Бәсеке өте тартысты өтті, бірақ алғашқы минуттардан бастап көш бастауға мүмкіндік алып, оны жарыс соңына дейін сақтап қалдым, — деді Александр Комаров.

Чемпионның айтуынша, гір спортында күшпен қатар төзімділік пен жаттығуларды дұрыс орындау техникасы аса маңызды.
Оның шәкірті Никита Золотухин де сәтті өнер көрсетіп, 78 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанды. Сонымен қатар спортшының тағы екі тәрбиеленушісі — Дмитрий Пацук пен Максим Шипихин халықаралық деңгейдегі жарыста тәжірибе жинақтады.
Алда Александр Комаровты тағы бірнеше маңызды жарыс күтіп тұр. Бір аптадан кейін ол Ақтауда өтетін Азия чемпионатына қатысады, ал күзде Латвияда ұйымдастырылатын әлем чемпионатында бақ сынауды жоспарлап отыр.
Фото: Александр Комаров