
Қарағандыда «Менің Отаным – Қазақстан» атты облыстық патриоттық форум ұйымдастырылып, оған әртүрлі буын өкілдері қатысты. Достық үйінің алдындағы алаңға 300-ден астам адам жиналды. Олардың қатарында ардагерлер, әскери қызметшілер, әскери колледж курсанттары және «Жас Сарбаз» сыныптарының оқушылары болды.

Қатысушыларға құрлық әскерлері, әуе қорғанысы күштері, әскери полиция, Ұлттық ұлан және өртке қарсы қызмет бөлімдерінің әскери киім үлгілері таныстырылды.

Форумның негізгі бағдарламасын мектеп оқушылары мен курсанттар әзірледі.

Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледж тәрбиеленушілері қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін көрсетті. Нұркен Әбдіров атындағы мектептің барабаншы қыздары өнер көрсетті. Ал Павлов атындағы мектеп оқушылары қарумен дефиле ұсынды.

Форум «Жас Сарбаз» гимнін бірлесіп орындаумен аяқталды.

— Жыл сайын мұндай іс-шараларға қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұл біз үшін дәстүрге айналды. Бір алаңда әртүрлі буын өкілдерін біріктіріп, жастарға Отанға қызмет ету құндылықтарын, тарихқа құрмет пен әскери борыштың маңызын жеткізуді мақсат етеміз, — деді Қарағанды облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Еркебұлан Мұстағұлов.
