Сағынов оқулары: Қарағандыда технологиялар мен өнеркәсіптің келешегі талқылануда

Сағынов оқулары: Қарағандыда технологиялар мен өнеркәсіптің келешегі талқылануда

Қарағандыда дәстүрлі Сағынов оқулары өз жұмысын бастады. Білім, ғылым және өндіріс ықпалдастығына арналған халықаралық ғылыми конференция биыл 18-ші рет өткізіліп, тағы да отандық және шетелдік сарапшыларды бір алаңға тоғыстырды.

Екі күн бойы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті заманауи технологиялық үрдістердің өзекті мәселелері талқыланатын маңызды орталыққа айналды. Биылғы басым бағыт — цифрландыру мен жасанды интеллект.

— Конференцияның Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылуы еліміздің білім мен технологияға негізделген экономиканы дамытуға бағытталған стратегиялық ұстанымын айқын көрсетеді. Ғылымды цифрландыру — бұл тек жаңа құралдарды енгізу емес, зерттеу үдерістерін басқарудың сапалы жаңа тәсілдерін қалыптастыру, — деп атап өтті Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов. — Қазіргі таңда университеттер тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен бірге жаңа шешімдер мен технологиялар дүниеге келетін, болашақ құзыреттер қалыптасатын зияткерлік орталықтарға айналып отыр.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жоғары оқу орнының рөліне облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей де ерекше тоқталды.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің ұзақ мерзімді дамуы адами капиталдың сапасына, білім мен ғылымның деңгейіне және инновацияларға тікелей байланысты екенін бірнеше рет атап өткен. Осы тұрғыда Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің әлеуеті жоғары, — деді ол. — Мұнда технологиялық полигон мен Дәнекерлеу институтын құру жобалары жүзеге асырылуда. Бұл — университет, ғылым және бизнес арасындағы тиімді ықпалдастықтың, біртұтас технологиялық экожүйе қалыптастырудың жарқын үлгісі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Сағынов оқулары тек теориялық талқылаумен шектелмейді, керісінше өндіріс саласымен тікелей байланыс орнататын кәсіби диалог алаңы ретінде ерекшеленеді.

— Бұл конференция — жай ғана ғылыми жиын емес. Бұл — идеялар мен технологиялар тоғысатын, өндірістің нақты сұраныстары ескерілетін тиімді коммуникация кеңістігі, — деді университет ректоры Сәуле Сағынтаева.

Форум аясында 120-дан астам ұйымнан ұсынылған 880 ғылыми баяндама ұсынылады. Қатысушылар географиясы Қазақстанмен қатар АҚШ, Германия, Франция, Түркия және Канада елдерін қамтиды.

Конференция тақырыптары да ауқымды: дәстүрлі инженериядан бастап жасанды интеллект, машиналық оқыту, цифрлық егіздер және орнықты өндірістік жүйелерге дейінгі бағыттарды қамтиды.

Сағынов оқулары екі күн бойы 13 тақырыптық секция аясында өтеді. Дәл осы алаңдарда ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары терең әрі жан-жақты талқыланбақ.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті баспасөз қызметінің ақпараты бойынша