Интернеттен табылмайтын кітаптар: Теміртауда ғылыми-техникалық кітапхана жұмыс істейді

Интернеттен табылмайтын кітаптар: Теміртауда ғылыми-техникалық кітапхана жұмыс істейді

Теміртау қаласында 2023 жылдан бері бұрынғы металлург Юрий Ивашин негізін қалаған ғылыми-техникалық кітапхана жұмыс істеп келеді. Үш жыл ішінде ол сирек басылымдар мен қолжазба атластарды қоса алғанда, 60 мыңнан астам кітап жинақтай алған.

Юрий Ивашин кітаптарды 40 жылдан астам уақыт бойы жинаған. Олардың бір бөлігін өзі сатып алса, енді бірін Кеңес Одағы тарағаннан кейін жабылып қалған кәсіпорындардың кітапханаларынан сақтап қалған. Уақыт өте келе қордың көлемі ұлғайып, 2023 жылы толыққанды кітапхана ашу идеясы туындаған.

Жобаны жүзеге асыруға Qarmet компаниясы қолдау көрсетті. Ол этномәдени бірлестік ғимаратынан орын бөліп, коммуналдық шығындарды, сөрелер мен металл есіктердің бір бөлігін дайындауды өз мойнына алды, сондай-ақ кітаптарды тасымалдауға көмектесіп келеді.

Юрий Ивашинның айтуынша, интернеттің қолжетімділігіне қарамастан, ғылыми-техникалық әдебиетке деген қызығушылық сақталып отыр.

— Маған техникалық пәндер оқытушысы ретінде жиі жүгінеді. Себебі желідегі ақпарат кейде жоқ немесе сенімсіз болады. Ал кітаптарда тексерілген деректер беріледі: олар жарияланар алдында рецензиядан және бақылаудан өтеді, — дейді Юрий Ивашин.

Қазіргі таңда кітапхана қорының бір бөлігі оқырмандарға әлі қолжетімді емес: әр басылымды тазалап, қалпына келтіріп, жүйелеп, каталогқа енгізу қажет. Бұл жұмысты әзірге екі адам — Юрий Ивашинның өзі мен кітапханашы Светлана Егорова атқаруда.

— Жұмыс өте көп, — дейді Светлана. — Біз кітаптарды қабылдап, сұрыптаймыз, шаңнан тазартамыз, тозған даналарды жөндейміз. Сонымен қатар ұйымдармен хат алмасып, сұраныстар дайындаймын, әлеуметтік желілерді жүргіземін, видео түсіріп, монтаждаймын. Қазір кәсіби кітап сканерін сатып алу үшін демеушілер іздеп жатырмыз — әдебиеттерді цифрландыру арқылы оларды сақтап, онлайн қолжетімді еткіміз келеді.

Қазірдің өзінде бұл кітапхана Орталық Қазақстандағы ірі ғылыми-техникалық кітапханалардың бірі саналады. Қорында сирек басылымдар бар.

Олардың қатарында 1928 жылы жарық көрген бес томдық «Электротехникке арналған анықтамалық кітап» бар. 

Ол бұрын металлургиялық комбинат кітапханасында,

кейін «Востокэнергоремонт» кәсіпорнында сақталған.

Ерекше құндылыққа 1965 жылы жасалған, өз қолымен дайындалған металл мұқабадағы «Прокат стандарының біліктерін калибрлеу атласы» жатады.

Кітапхана тек оқу залы форматында жұмыс істейді: кітаптар үйге берілмейді. Бұған олардың тозғыштығы мен қайтарылмау қаупі себеп.

— Адамдарды «бәрі интернетте бар» деп кітапханаға барудан оңай айнытуға болады. Бірақ шын мәнінде олай емес. Ал қызығушылықты қайта қалыптастыру әлдеқайда қиын, — дейді Юрий Ивашин.

Кітапхана кітаптарды сыйға қабылдайды. Басымдық ғылыми-техникалық әдебиетке беріледі, бірақ жекелеген жағдайда көркем әдебиет те қабылданады. Кітап тапсыру мәселелері бойынша 8-778-407-98-54 және 8-701-409-41-23 нөмірлеріне хабарласуға болады.

Мекенжайы: Теміртау қаласы, Блюхер көшесі, 13 (3-қабат).

Жұмыс уақыты: 09:00-ден 16:00-ге дейін.

Instagram: @ntb_temirtau.