
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев азаматтарды қабылдап, өңірдің әр түкпірінен келген тұрғындардың өзекті мәселелерін тыңдады. Кездесуге мемлекеттік органдар мен салалық басқармалар өкілдері де қатысты.

Өтініштердің басым бөлігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына қатысты болды. Тұрғындар аула аумақтарын абаттандыру, лифтілердің ақаулығы, ПИК пен МИБ қызметіне байланысты мәселелерді көтерді. Сонымен қатар тұрғын үймен қамтамасыз ету, жекеменшік қарттар үйлерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері де қаралды.
Кездесу барысында Шахтерлер даңғылы, 60 мекенжайындағы аула аумағына қатысты жағдай да талқыланды. Тұрғындар бірнеше жылдан бері балалар ойын алаңын орнату мәселесін шеше алмай келеді. Ермағанбет Бөлекпаев қала әкімдігіне бұл мәселені жан-жақты қарап, қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Сондай-ақ қабылдауда көпқабатты тұрғын үйдегі лифтіні жөндеу мәселесі көтерілді. Тұрғындардың бірі жөндеу жұмыстарын мемлекеттік бағдарламалар аясында жүргізу мүмкіндігін қарастыруды сұрады, өйткені көпшілік үшін күрделі жөндеуді өз қаражаты есебінен қаржыландыру қиын. Бұл өтініш бойынша жауапты органдарға қолдау тетіктерін ұсыну тапсырылды.

Ауылдық елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтқанда, Көкпекті ауылының тұрғындары көлемі 1000 текше метр су резервуарын салу және жаңа мектеп тұрғызу жөнінде өтініш білдірді. Су резервуарын салу жобасын іске асыру келесі жылға ауыстырылды. Жаңа мектеп үшін бос жер телімі анықталып, құрылыс мәселесі алдағы уақытта қарастырылатын болады. Ал әзірге облыс әкімі қолданыстағы мектепке ағымдағы жөндеу жүргізуді тапсырды.

Көптеген сұрақтарға жауаптар сол жерде берілді. Қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер белгіленген тәртіппен әрі қарай шешу үшін бақылауға алынды.
Мұндай қабылдаулар халықпен тікелей диалог орнатуға және өңір тұрғындарының өзекті мәселелеріне жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.