Балқашта «Алаш» қозғалысына қатысты жаңа зерттеулер таныстырылды

Балқашта «Алаш» қозғалысына қатысты жаңа зерттеулер таныстырылды

Балқаш қаласында «Алаш» қозғалысының тарихи мұрасы кеңінен талқыланды. Қалалық тарихи-өлкетану мұражайында көрнекті қайраткерлер — Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев және Әлімхан Ермековтің мерейтойларына орай «Алаш мұратының үш тұғыры» атты қалалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиын барысында қатысушылар «Алаш» партиясының қалыптасу кезеңдері мен оның идеялық негіздері туралы мазмұнды баяндамалар ұсынды. 

Онлайн форматта конференция жұмысына қосылған зерттеуші-ғалым Сұлтанхан Жүсіп Әлихан Бөкейханның ұлттық-азаттық қозғалыстағы тарихи рөлі мен орнына кеңінен тоқталды.

Сондай-ақ өлкетанушы Қуандық Сәденов пен қаладағы тарих пәні оқытушылары баяндама жасап, алаш қайраткерлерінің ағартушылық қызметіне қатысты жаңа деректерді ортаға салды. Әсіресе Рабиға Мұхамеди ұсынған баяндама ерекше қызығушылық тудырып, онда Әлихан Бөкейханның тұлғасы отбасылық мұрағаттар мен естеліктер негізінде тың қырынан ашылды.

— ХХ ғасырдың басында тарихи сахнаға шыққан «Алаш» қозғалысы халқымыздың мәдени-рухани дамуына жаңа серпін берген ірі қоғамдық-саяси құбылыс болды. Оның қайраткерлері қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен ұлттық сананың жаңғыруына берік негіз қалады. Конференция қорытындысы бойынша жыл соңына дейін материалдар жинағын электронды немесе баспа нұсқасында жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз, — деді мұражайдың ғылыми қызметкері Меруерт Ағылбаева.

Фото: Балқаш қалалық тарихи-өлкетану мұражайы