
Қарағанды облысында 27 сәуірден бастап бірден үш мамыр мерекесіне — Қазақстан халқының бірлігі күніне, Отан қорғаушылар күніне және Жеңіс күніне арналған іс-шаралар циклі басталады. Бағдарлама ауқымды: концерттер, фестивальдер, челлендждер, патриоттық және қайырымдылық акциялар ұйымдастырылады.
Мерекелерге дайындық барысы аппараттық кеңесте баяндалды.
Қазақстан халқының бірлігі күні
Ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, 1 мамырға орай облыста 120-дан астам іс-шара жоспарланған.
30 сәуірде Қарағандыда Достық үйінің алдындағы алаңда жастар мен этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Бірлігіміз берік!» атты патриоттық флешмоб өтеді. Іс-шара соңында көрермендер «Қара жорға» биінің жаппай орындалуын тамашалайды.
Сол күні «Қайырымдылық керуені» акциясы басталып, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіледі.
1 мамырда барлық қала мен аудандарда мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Облыс орталығында басты алаң Орталық саябақ болады. Мұнда «Бірлік – ел тірегі» атты концерт өтіп, танымал өнерпаздар мен этномәдени бірлестіктер өнер көрсетеді. Арнайы шақырылған қонақтар — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлнұр Оразымбетова және VanGogh вокалды-инструменталдық ансамблі. Сонымен қатар қолөнершілер жәрмеңкесі мен сәндік-қолданбалы өнер көрмелері өтеді.
Ірі сауда орталықтарында жастардың қатысуымен ұлттық киімді насихаттауға бағытталған акциялар ұйымдастырылады.

Отан қорғаушылар күні
7 мамырға орай әскери қызметшілерді, құтқарушыларды және құқық қорғау органдары қызметкерлерін құрметтеуге арналған іс-шаралар жоспарланған.
Қарағанды, Теміртау, Балқаш және өзге де қалалардағы әскери бөлімдерде мектеп оқушылары үшін ашық есік күндері мен экскурсиялар өткізіледі.
Негізгі іс-шаралар қатарында:
* «Жас сарбаз – 2026» облыстық әскери-патриоттық ән фестивалі — 5 мамыр, Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағы;
* облыстық үрмелі аспаптар музыкасы фестивалі — 6 мамыр, Теміртау қаласындағы «Восток» саябағы. Мұнда жеті үрмелі аспаптар оркестрі және Т. Бигелдинов атындағы әскери колледждің барабаншылары өнер көрсетеді;
* мерекелік концерттер — 7 мамырда Қарағандыда Орталық саябақта, Теміртауда қаланың орталық алаңында өтеді.
Сонымен қатар «Ерлік сабақтары», оқу-дала жиындары, «Сарбазға хат» акциясы және әскерге шақырылушыларды салтанатты шығарып салу рәсімдері жоспарланған.

Жеңіс күні
9 мамырға орай өңірде еске алу және патриоттық іс-шаралар өтеді.
Қазірдің өзінде «Ер есімі – ел есінде» атты дәстүрлі онлайн-акция басталып, тұрғындар соғысқа қатысқан туыстары туралы естеліктерімен бөлісуде.
Волонтерлер «Ардағым ардагерім» акциясы аясында ардагерлерге көмек көрсетеді. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде мемориалдар мен ескерткіштердің маңы абаттандырылады.
Қарағандылықтар әлеуметтік желілерде қазақстандық батырлардың ерлігін ұлықтауға бағытталған республикалық патриоттық челленджге қосылады (#Батырдыңұрпағымын, #МояИсторияПобеды, #ГолосИстории және т. б.).
4 мамырда Қарағанды қаласындағы Кеншілер мәдениет сарайында «Ардагерлер ән салады» облыстық хор ұжымдарының фестивалі өтеді.
9 мамырда облыстың барлық қала және аудандарында гүл шоқтарын қою рәсімдері ұйымдастырылады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне үйлерінде құрмет көрсетіледі. Қарағандының Орталық саябағында «Ерлікке тағзым» атты концерт өтеді.