Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 5 млн теңгеден көмек беріледі

Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 5 млн теңгеден көмек беріледі

Қарағанды облысында Жеңіс күніне орай ардагерлерге материалдық көмек төленеді. Қолдау шаралары өңірдің 2,1 мыңнан астам тұрғынын қамтиды. Майдангерлерге 5 млн теңгеден беріледі.

Аппараттық кеңесте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабековтің айтуынша, бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының 6 қатысушысы тұрады: олардың бесеуі Қарағандыда, біреуі Осакаровка кентінде.

Тыл еңбеккерлерінің саны — 2029. Олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден төленеді.

Сонымен қатар қолдау басқа да санаттағы азаматтарды қамтиды:

* концлагерь тұтқындары мен қоршаудағы Ленинград тұрғындарына — 200 мың теңгеден (33 адам);

* қаза тапқан жауынгерлердің жесірлері мен жұбайларына — 50 мың теңгеден (89 адам).

Материалдық көмек сәуір–мамыр айларында аударылады. Бұдан бөлек, ардагерлерге шипажай-курорттық ем алуға қолдау қарастырылған — қажетті қаражат жергілікті бюджеттерде көзделген.