
Балқаш қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің оқушылары сирек кездесетін жануарларды сақтау мәселесіне қоғам назарын аударып, «Тасбақа бұрышы» республикалық экологиялық байқауында үздіктер қатарынан көрініп, үшінші орынды иеленді. Байқау табиғатта елеулі қауіп-қатерге тап болып отырған Орта Азия тасбақаларын қорғауға арналды.

Қатысушыларға мектептерде осы жануарлардың тіршілігі мен популяциясына төнген қауіптер туралы баяндайтын тақырыптық бұрыштар жасау тапсырылды.

— Біздің бұрышты жасауға 3–7 сынып оқушылары қатысты. Олар сурет салып, макеттер жасап, рефераттар дайындады. Біз бұрыштың фото және бейнематериалдарын жібергеннен кейін шамамен бір аптадан соң қазылар алқасынан жауабын алып, мектебіміздің үшінші орын иеленгенін білдік. Мектептен екі өкіл Алматы қаласына марапаттау рәсіміне және құтқарылған тасбақаларды табиғи мекеніне жіберу іс-шарасына шақырылды. Байқаудың ең белсенді қатысушылары ретінде төртінші сынып оқушысы Тахмина Рахман мен үшінші сынып оқушысы Нүрилә Әбен таңдалды, — деді биология пәнінің мұғалімі, жоба кураторы Самал Кенжебекова.
Байқауды Tasbaqa табиғатты қорғау қоры мен ҚР Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті ұйымдастырды. Бастаманы Зоология институты мен халықаралық экологиялық ұйымдар қолдап, жобаның ұлттық және халықаралық деңгейдегі маңызын айқындай түсті.

Оқушылар үшін байқаудың қорытынды кезеңі Алматы қаласына сапармен түйінделді. Онда олар жүзге жуық қатысушыны — мектеп оқушыларын, ғалымдар мен белсенділерді біріктірген «Tasbaqa: Орта Азия тасбақасын құтқару» экологиялық іс-шарасына қатысты.

Ең әсерлі сәттердің бірі — құтқарылған тасбақаларды табиғи тіршілік ортасына жіберу рәсіміне қатысу болды. Сонымен қатар далалық экскурсия барысында балалар түрлерді сақтау бағытындағы жұмыстың қалай жүргізілетінін іс жүзінде көрді.

Іс-шара Қонаев қаласында марапаттау рәсімімен және Үстірт жазығында түсірілген «Тасбақа — ортаазиялық тасбақаның бір күні» деректі фильмінің көрсетілімімен аяқталды. Фильм Ұлыбританияның Корольдік географиялық қоғамының Қазақстандағы қолдауымен түсірілген. Туындыны табиғатты қорғаушы, зерттеуші әрі деректі фильм авторы, Ұлыбританиялық Сэксон Босуорт таныстырды. Көрсетілімнен кейін ол қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.