Қарағанды облысы AI Governance Cup алғашқы ұлттық байқауында жеңіске жетті

Қарағанды облысы AI Governance Cup алғашқы ұлттық байқауында жеңіске жетті

Қарағанды облысы алғашқы ұлттық AI Governance Cup байқауының жеңімпаздарының бірі атанды. Өңір «Цифрлық реанимация» жобасын ұсынып, үздік деп танылды. Бұл жоба — медициналық деректерді нақты уақыт режимінде зияткерлік түрде жинау мен талдауға арналған жүйе. Байқаудың финалы Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті.

Биыл наурыз айында басталған байқауға мемлекеттік органдардан, квазимемлекеттік сектор ұйымдарынан және әкімдіктерден барлығы 184 өтінім түскен. Жобаларды қазақстандық және халықаралық сарапшылардан құралған комиссия бағалады. Олардың қатарында ҚР Президенті жанындағы жасанды интеллектті дамыту жөніндегі кеңес өкілдері де болды. Халықаралық сараптамаға, атап айтқанда, Sinovation Ventures негізін қалаушы Кай-Фу Ли мен Стэнфорд университетінің профессоры Питер Норвиг қатысты.

Қарағанды облысы «AI Азаматтарға қызмет» номинациясы бойынша жеңімпаз атанса, өзге бес номинацияда да лауреаттар анықталды.

Байқауды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ұйымдастырды.

AI Governance Cup — үздік тәжірибелермен алмасуға және табысты цифрлық шешімдерді ел көлемінде кеңінен енгізуге арналған алаң ретінде қарастырылған.