«Заң және тәртіп»: құқық қорғаушылар жасөспірімдермен киберқауіпсіздік пен буллинг туралы ашық әңгіме өткізді

«Заң және тәртіп»: құқық қорғаушылар жасөспірімдермен киберқауіпсіздік пен буллинг туралы ашық әңгіме өткізді

Қарағанды облысында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған ауқымды «Заң және тәртіп» құқықтық марафоны өтті. Жазғы демалыс қарсаңында полиция қызметкерлері мектеп оқушылары және колледж студенттерімен бірқатар кездесулер ұйымдастырды, деп хабарлайды polisia.kz сайты.

Іс-шараға шамамен 200 мыңға жуық оқушы қатысып, қамту ауқымы 400-ден астам мектеп пен техникалық және кәсіптік білім беретін 50-ден астам оқу орнын қамтыды.

Кездесулер барысында құқық қорғау органдарының өкілдері жасөспірімдермен күнделікті өмірде кездесуі мүмкін негізгі қауіп-қатерлерді талқылады. Әсіресе киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды — алаяқтық схемалардың құрбанына айналмау және интернеттегі заңсыз әрекеттерге тартылудан сақтану жолдары түсіндірілді. Сонымен қатар буллинг, ұжымда салауатты психологиялық ахуал қалыптастыру, есірткі қылмысының алдын алу және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымына қатысқаны үшін жауапкершілік мәселелері де көтерілді.

Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, мұндай бастамалар жастардың заң туралы білімін арттырып қана қоймай, қауіпсіз мінез-құлықтың практикалық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Оның сөзінше, құқықтық нормаларға құрмет бала кезден қалыптасуы тиіс, өйткені бұл — жеке қауіпсіздік пен қоғам алдындағы жауапкершіліктің негізі.

Өткізілген марафон өңір жастары арасында құқықтық мәдениетті нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды. Осындай кездесулер жасөспірімдерге қазіргі заманның сын-қатерлерін дұрыс түсінуге және саналы шешім қабылдауға көмектеседі.