
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел көлемінде бірқатар білім беру бастамаларын іске асыру бойынша ресми түрде старт берді. Телемост форматында 14 өңірде Астананың тәжірибесіне сүйене отырып, Tomorrow School жасанды интеллект мектептерінің желісі іске қосылды. Қарағандыда жаңа буын IT-мамандарын даярлауға арналған оқу алаңы Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті базасында ашылды. Жоба облыс әкімдігі мен жоғары оқу орнының бірлескен бастамасы ретінде жүзеге асырылды.

Бұл мектепте оқу тегін және кәмелет жасына толған барлық азаматтар үшін қолжетімді. Әсіресе IT саласына енді қадам басқан жандарға мүмкіндік мол. Оқу үдерісі peer-to-peer қағидатына негізделген инновациялық әдіспен ұйымдастырылған, ал мектептің сыйымдылығы 50 орынға есептелген.

— Қазақстанда Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Президент тапсырмасын іске асыру аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында Tomorrow School ашылып отыр. Мұнда жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, AI-инженерия және ойын әзірлеу бағыттары бойынша білім беріледі, — деді Қарағанды облысының ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Марлен Әмірбек.

Үміткерлер алдын ала іріктеуден өтеді. Алғашқы кезеңде «бассейн» деп аталатын қарқынды кіріспе оқу курсы ұйымдастырылады.

Tomorrow School-дың басты ерекшелігі — дәстүрлі оқыту моделінен түбегейлі бас тартуы. Мұнда оқытушылар мен классикалық сабақтар қарастырылмаған: студенттер бір-бірінен үйреніп, тәжірибе алмасу арқылы білім алады. Бұл тәсіл олардың командалық жұмыс дағдыларын дамытып, дербес ойлау қабілетін қалыптастырады.

Оқу орны заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген және тәулік бойы — 24/7 режимінде жұмыс істейді. Студенттер оқу кестесін өз қажеттілігіне қарай дербес жоспарлай алады. Бағдарлама бір жарым жылға есептелген.

Осы кезеңде қатысушылар ондаған жобаны іске асырып, әртүрлі бағдарламалау тілдерін меңгереді. Оқу соңында әрқайсысы өзінің мансаптық мақсатына сәйкес нақты мамандану бағытын таңдайды.