Қарағанды облысында заманауи ет өңдеу кешені салынды

Қарағанды облысында заманауи ет өңдеу кешені салынды

Қарағанды облысының Абай ауданында заманауи ет өңдеу кешенінің құрылысы аяқталды. Кәсіпорын салқындатылған және мұздатылған ет, консервілер мен вакуумда қапталған өнімдер шығаруға бағытталған.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 800 млн теңгені құрады.

Alisha Group кәсіпорны жылына 2400 тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы. Алғашқы кезеңде мұнда 20 жұмыс орны ашылды, ал алдағы уақытта штат санын ұлғайту жоспарланып отыр.

Кешен құрамына мал сою пункті, ет өңдеу және консервілеу желісі, сондай-ақ қой шаруашылығы фермасы кіреді. Тәулігіне мұнда 300-ге дейін ұсақ мал және 50-ге дейін ірі қара өңделеді. Шикізат жергілікті фермерлерден сатып алынса, кейіннен кәсіпорын өз мал басын да дамытуды көздеп отыр.

Alisha Group компаниясының бас директоры Рустам Қалиевтің айтуынша, кәсіпорын бастапқы кезеңнен-ақ жоғары сапа стандарттарына және экспортқа бағдарланған.

— Кәсіпорында түрік өндірісінің екі тәуелсіз желісі орнатылған, ал өнімдер халал стандарттарына және халықаралық азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес болады. Бұл бізге Қазақстан нарығымен шектелмей, Парсы шығанағы елдеріне, Еуропаға және Қытайға экспорт жолға қоюға мүмкіндік береді. Жобаның әлеуеті жоғары, — деді ол.

Кәсіпорынның орналасу орны кездейсоқ таңдалмаған: ауданда шикізат базасы жеткілікті, фермерлермен байланыс жолға қойылған және логистикасы қолайлы. Қалаға жақын орналасуы кадрлық ресурстар мен тасымалдау мүмкіндіктерін жеңілдетеді.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа өндіріс орнында болып, жобамен танысты.

— Қарағанды облысында өңдеу өнеркәсібін дамытуға қажетті барлық ресурс бар. Мұндай кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, экономиканы нығайтады және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Ендігі міндет — өндірісті кеңейтіп, жаңа нарықтарға шығу. Кәсіпорын тоқтап қалмауы тиіс, — деді өңір басшысы.

Алдағы жоспарлар қатарында өндірісті кеңейту және етті терең өңдеу бағытын іске қосу бар. Бұл өнім түрлерін көбейтіп, кәсіпорынның жүктемесін арттыруға, сондай-ақ жергілікті шаруашылықтардың табысын ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта 500 бас ірі қара мен 3000 бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын, сондай-ақ терең өңдеу кешенін салуға қажетті құжаттар дайындалуда.