
Қарағанды облысында «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында экологиялық рейдтер жалғасуда. Полицейлер құқық бұзушыларды анықтап, оларды жауапкершілікке тартуда. Полиция департаментінің мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері абаттандыру қағидаларын бұзудың 12 мыңнан астам дерегі тіркелген.
Ведомствоның атап өтуінше, жауапкершілікке тек жеке тұлғалар ғана емес, бизнес өкілдері де тартылған. Іргелес аумақтарды тиісті деңгейде күтіп ұстамағаны үшін 92 ұйым басшысы жазаланды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 2,5 миллион теңгеден асты. Құқық бұзушылықтар сауда нысандарында, қоғамдық тамақтану орындарында, жанармай құю станцияларында, техникалық қызмет көрсету бекеттерінде және құрылыс алаңдарында тіркелген.
Заңсыз қоқыс орындарын анықтау үшін заманауи технологиялар, соның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылуда.

«Рейдтік іс-шаралар нәтижесінде 72 заңсыз қоқыс орны жойылып, қалдықтарды рұқсатсыз төккен 34 жүк көлігі жүргізушісі ұсталды», — деп хабарлады полиция департаментінде.
Сонымен қатар тұрғындардың өтініштері негізінде тағы 80 адам жауапкершілікке тартылды.
Нақты мысалдардың бірі — Бұқар жырау ауданы. Мұнда Байқадам ауылының маңында жүргізілген рейд барысында полиция қызметкерлері қалдықтарды заңсыз төгудің екі дерегін анықтады.
Атап айтқанда, 35 жастағы ассенизатор көлігінің жүргізушісі кәріз қалдықтарын белгіленбеген жерге төккен. Сол күні тағы бір құқық бұзушы — 30 жастағы ер адам ұсталды, ол трактормен қоқысты полигоннан тыс жерге шығарып, төккен. Екі дерек бойынша да әкімшілік хаттамалар толтырылып, көлік құралдары айыптұраққа қойылды.
Полиция өкілдері мұндай рейдтердің алдағы уақытта да жалғасатынын, ал тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар күшейтілетінін атап өтті.