Сұрақ қою және түйткілді тарқату: Теміртауда «Халық заңгері» акциясы өтті

Сұрақ қою және түйткілді тарқату: Теміртауда «Халық заңгері» акциясы өтті

Теміртауда құқықтық көмек бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті — қаланың сауда үйлерінің бірінде өткен «Халық заңгері» акциясы аясында әрбір тұрғын білікті мамандардан тегін кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.

Дәстүрлі қабылдау кабинеттерінің орнына — ашық алаң, бірнеше күн бұрын жазылудың орнына — тікелей диалог. Бір кеңістікте мемлекеттік органдардың өкілдері, тәжірибелі заңгерлер мен құқық қорғау құрылымдарының қызметкерлері бас қосып, тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.

Азаматтар түрлі мәселелермен жүгінді: отбасылық даулар, құжаттарды рәсімдеудегі қиындықтар, әлеуметтік төлемдерге қатысты түйткілдер. Дегенмен ең жиі көтерілген тақырып — тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы болды. Тұрғындар қызмет көрсетуші ұйымдардың жұмысына наразылық білдіріп, өз құқықтарын қорғаудың жолдарын білуге ұмтылды.

Қатысушылардың бірі өздері тұратын подъездің міндеттерін тиісінше орындамай отырған ПИК құрамынан шығуды көздейтінін жеткізді. Акция барысында оған нақты іс-қимыл алгоритмі түсіндіріліп, қайда және қалай жүгіну қажеттігі жөнінде кеңес берілді.

Көпшілік үшін бұл кездесу қордаланған мәселелерді шешуге бастайтын алғашқы нақты қадамға айналды.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, акцияның негізгі мақсаты — жедел құқықтық көмек көрсетумен шектелмей, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру. Яғни азаматтар күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдап, өз құқықтарын қорғаудан тайсалмауы тиіс.