
Қарағанды индустриялық университетінде «Адам капиталын, техникалық білімді, инженерлік ғылымды және инновацияларды дамыту – мемлекеттің стратегиялық бағыты» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында екі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Оның бірі ғылыми және білім беру байланыстарын дамыту мақсатында Германиядағы Constructor University университетімен жасалды.

Екіншісі – «Таза Қазақстан» ұлттық экожобасы аясында экология департаменті мен «Гордорсервис-Т» компаниясының қатысуымен рәсімделді.

Конференция Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының қолдауымен ұйымдастырылды.

Оқу орнында сондай-ақ білім беру мен ғылымды дамытуға арналған жаңа кеңістіктер ашылды: Intellect Media Hub студиясы және студенттердің тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін екі заманауи зертхана.

Жалпы, конференция білім, ғылым және инновацияларды дамыту мәселелеріне арналды. Пленарлық отырыста шақырылған сарапшылар сөз сөйлеп, инженерлік білімді жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту жолдарын талқылады.

Конференция жұмысы секциялық отырыстармен жалғасты. Барлығы әртүрлі бағыттар бойынша 200-ден астам баяндама ұсынылды – нанотехнологиялардан бастап экология мен цифрлық шешімдерге дейін. Алғаш рет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және қоғамдағы адалдықтың маңызына арналған секция ұйымдастырылды.
Кездесудің маңызды бөлігі ғалымдар мен университет қызметкерлерін жетістіктері үшін марапаттау рәсімі болды.

Қарағанды индустриялық университетінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша