
Қарағанды облысында туристер ағыны артады деп күтілуде. Осыған байланысты туристік маусымға дайындық басталып кетті. Жұмыс кешенді түрде жүргізілуде: инфрақұрылымды дамыту, көлік қатынасының қолжетімділігі, жол бойындағы сервисті жақсарту және жайлы жағажайлар жасауға дейін қамтылған. Ең бастысы – демалушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай қалыптастыру.
Өңірде туристік полиция құрылып, оның бөлімшелері Балқаш қаласы мен Қарқаралы ауданында жұмыс істей бастады.
– Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін туристік полиция құрылды. Мамыр айының соңына дейін негізінен жағалау аймақтарында қосымша 102 бейнебақылау камерасы орнатылады. Құтқару инфрақұрылымы күшейтілуде: Балқашта екі капсулалық-модульдік станция орнатылып, қолданыстағы құтқару станциясы жөндеуден өтті. Сонымен қатар 70 қоғамдық құтқарушы дайындалады. Торанғалық пен Шұбартүбекте тәулік бойы жұмыс істейтін жедел жәрдем бекеттері ұйымдастырылды, – деді аппараттық кеңесте туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық жұмыс істеп тұрған туристік нысандарға түгендеу және паспорттау жүргізілді. Демалыс орындарына мониторинг жалғасуда. Кәсіпкерлермен кездесулер барысында жағажайларды абаттандыру стандарттары түсіндірілуде.
Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде. Бюджет қаражаты есебінен инженерлік желілер салынып жатыр, оның ішінде Торанғалық кентіне тартылатын су құбыры да бар.
Жол бойындағы сервис нысандарына ерекше көңіл бөлінуде. Биыл автожолдардың бойында 11 жанармай құю станциясын және бес санитарлық-гигиеналық торап салу жоспарланған.
Байланыс сапасын арттыру да негізгі бағыттардың бірі. Цифрландыру басқармасының басшысы Константин Ильницкийдің айтуынша, Балқаш қаласында, Торанғалық және Шұбартүбек кенттерінде, сондай-ақ Балқаш бағытына қарай автожол бойында антенна-діңгекті құрылғылар орнатылады. Сонымен қатар қолданыстағы базалық станциялар жаңғыртылып, байланыс пен интернеттің тұрақтылығы күшейтіледі.
Туризм саласын цифрландыру да қолға алынған: демалыс аймақтары Kaspi Travel сервистеріне қосыла бастады. Бұдан бөлек, Балқаш, Қарқаралы және Қарағандының орталық саябағында жаңа визит-орталықтар ашу жоспарлануда. Ақпараттық орталықтар теміржол вокзалы мен әуежайда да іске қосылады.
– Туристік маусымға дайындық – бұл облыстың имиджіне тікелей қатысты мәселе. Туристік нысандар мен инфрақұрылым белгіленген стандарттарға сай болуы тиіс. Бұл бір реттік науқан емес, тұрақты негізде жүргізілуі қажет жүйелі жұмыс, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.