«Қазақфильм» Арал теңізі туралы деректі фильм түсіре бастады

«Қазақфильм» Арал теңізі туралы деректі фильм түсіре бастады

Режиссер Виктор Вильковиский бастаған «Қазақфильм» түсіру тобы Арал өңірінде танымал ғылыми фильмнің түсіріліміне кірісті. Картина «Теңіздің оралуы» деген атпен шығады.

Түсірілімнің негізгі бөлігі «Барсакелмес» қорығында өтеді.

Таспа көрермендерге Арал теңізінің өткені, бүгіні және болашағы туралы баяндайды. Фильм әркімнің экологиялық жағдайды жақсартуға қосқан жеке үлесі туралы ойлануға көмектеседі.

«Аралдың экологиялық апатының себебі - Сырдария мен Әмудария өзендерінен суды мақта, күріш және басқа да ауыл шаруашылық дақылдарын суаруға арналған каналдарға бұру екені белгілі. Арал теңізінің жойылып кету мәселесін шешу үшін көптеген жылдар бойы ғылыми және мемлекеттік институттар, департаменттер мен кәсіпорындар, халықаралық ұйымдар мен қорлар жұмыс істейді. Фильм осы тақырыпқа арналады», - делінген киностудияның ақпаратында.

Бұған дейін Виктор Вилковиский Бродвейге берген сұхбатында «Теңіздің оралуы» Netflix ұсынатын бірқатар стандарттар бойынша түсірілетін болады деп айтқан болатын. Идея бойынша, жобаның ақпараттық толықтығы фильм 10 жылдан кейін де өзекті болып қалуын көздейді.

Бұл Арал апатына арналған алғашқы фильм емес. Бұрын «Арал толқындары» картинасын (https://www.youtube.com/watch?v=Mydejojenks) «Россия-24» телеарнасы түсірген болатын.