
Қарағанды облысында жалпыхалықтық «Таза Қазақстан» акциясы аясында көгалдандыру жұмыстары жалғасуда. Бір күннің өзінде облыс орталығында 400 ағаш егіліп, жұмыстар қаланың бірнеше аумағында жүргізілді.

Қала орталығындағы Назарбаев даңғылы бойындағы аллеяға 60 қарағай қосылды.

Экологиялық сенбілікке еріктілермен бірге өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

— Бұл бір реттік бастама емес. Біз ағаш егу жұмыстарына тұрақты түрде қатысамыз және тұрғындарды да қосылуға шақырамыз. Таза ауа әрқайсымызға байланысты — ағаш неғұрлым көп болса, қала үшін соғұрлым пайдалы, — деді Қарағанды қалалық Жастар ресурстық орталығының өкілі Заңғар Серіков.

Оның айтуынша, ол туған қаласында өзі бірнеше ағаш еккен.

Соның бірі өзі білім алған гимназия маңында өсіп тұр.

Қоғам белсендісі, көгалдандыру саласының ардагері Сәкен Келдібаев дұрыс тәсілдің маңыздылығын атап өтті.
— Мұндағы ағаштар ескі болғандықтан, аллеяны кезең-кезеңімен жаңартып жатырмыз. Көшеттер жергілікті жағдайға бейімделіп таңдалған, егу жұмыстары технологияға сай жүргізілуде. Өткен жылы осы аллеяда егілген ағаштардың барлығы жерсінді. Ең бастысы — тұрақты күтім қадет, — деді ол.

Көгалдандыру тек қала орталығында ғана жүргізіліп жатқан жоқ. Жасыл желектер әуежайға баратын жол бойында, сондай-ақ қаланың өзге де аудандарында егілді.

Жалпы, биыл Қарағандыда 25 мыңнан астам ағаш егу жоспарланған. Саябақтар мен гүлзарларда қосымша шамамен 7 мың бұта және 12 700 ағаш пайда болады.

Тағы 13 мыңнан астам ағаш қала аудандарында, соның ішінде өтемдік көгалдандыру аясында егіледі. Сонымен қатар алма бағының құрылуы жалғасады.

Акция аясындағы экологиялық сенбіліктер Қарағанды облысының барлық аумағында өтуде.