
Қарағанды облысының жастары Даун синдромы бар балаларды қолдауға бағытталған әлеуметтік жоба әзірледі. Академик Е. А. Бөкетов атындағы ұлттық зерттеу университетінің студенттері балаларға ойын арқылы және ата-анамен өзара әрекеттесу барысында негізгі дағдыларды меңгеруге көмектесетін тактильді дамытушы кітап жасады.

Жоба Enactus Buketov University командасымен Қарағанды облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясованың, сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда.

Команда капитаны Амира Әбілдина атап өткендей, жоба идеясы дамытушы материалдар нарығын талдау барысында туындаған.
– Біз сапалы құралдардың жеткіліксіз екенін анықтадық: көптеген ойыншықтар тым ашық түсті болып, қабылдауды шамадан тыс жүктейді. Сондықтан білім беру және ойын-сауық функцияларын қатар үйлестіретін тактильді кітап әзірледік, – дейді Амира Әбілдина.

Кітап картон мен фетрден жасалған, онда жапсырмалар мен қозғалмалы элементтер бар. Бұл балаларға материалмен белсенді түрде әрекеттесуге мүмкіндік береді. Басылым ұсақ моториканы, зейінді және қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған.

Жобаны әзірлеу барысында студенттер арнайы әдебиеттер мен әдістемелік материалдарды зерттеді. Сарапшы ретінде академик Қ. Ә. Сағынов атындағы колледж-мектептің балалар психологы Роман Устименко қатысты. Оның айтуынша, мұндай құралдар баланың дамуына кешенді әсер етеді.
– Әртүрлі текстуралармен және қозғалмалы бөлшектермен жұмыс істеу ұсақ моториканың дамуына тікелей ықпал етеді, ал ол сөйлеу және ойлау қабілетімен тығыз байланысты. Осындай тапсырмалар арқылы бала зейін қоюды, бастаған ісін соңына дейін жеткізуді және себеп-салдарлық байланыстарды түсінуді үйренеді. Сонымен қатар, құрылымы жүйелі әрі тыныш сюжет мазасыздықты төмендетуге көмектеседі, әсіресе аутизмі бар және дамуында кідірісі бар балалар үшін, – деп түсіндірді Роман Устименко.

Кітаптың тұсаукесері «күншуақ» балаларға арналған даму орталықтарының бірінде өтті. Жас қатысушылар құралмен қызығушылықпен танысып, тапсырмаларды орындады.

Ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы Айжан Құсайынова жобаның практикалық маңызын атап өтті.
– Біз балаларымызды дамытуға арналған жаңа тәсілдерді үнемі іздейміз. Кейде маңызды тұстар назардан тыс қалып жатады, ал мұндай кітаптар сол олқылықтардың орнын толтыруға көмектеседі, – дейді Айжан Құсайынова.

Алғашқы кітап отбасылық құндылықтар мен отбасы ішіндегі өзара қарым-қатынасқа арналған. Оның кейіпкерлері – ана, әке, әже, ата, аға мен әпкемен қарым-қатынас жасайтын қоян, тасбақа және үкі.

Әр бетінде тапсырмалар мен мәтіндер орыс және қазақ тілдерінде берілген.

Алдағы уақытта команда үш кітаптан тұратын серия шығаруды жоспарлап отыр.