
Мектеп велошредері, пластикті қайта өңдейтін дернәсілдер, крахмалдан жасалған экологиялық қаптама және қадамнан электр энергиясын өндіретін пьезо-плиткалар — Қарағанды облысында оқушылар арасында өткен «Экологиялық білім беру бойынша үздік жоба - 2026» байқауының қорытындысы шығарылды. Бас жүлде — идеяны нақты құрылғы ретінде жүзеге асыру мүмкіндігі.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткен байқауға 79 өтінім түсті. Ақтық кезеңге барынша жан-жақты пысықталған 12 жоба өтті. Негізгі бағыттардың қатарында қайта өңдеу және биоалуантүрлілік, баламалы энергетика мен Smart-технологиялар бар.

Қарағанды қаласындағы №3 гимназия оқушысы Имран Абсадықов «SmartEcoBin 2.0 — жасанды интеллект элементтері бар қалдықтарды автоматты түрде сұрыптайтын интеллектуалды станция» жобасын ұсынды.

Құрылғы автономды түрде жұмыс істейді: адам қоқысты камераға көрсетуі керек, содан кейін ЖИ жүйесі оны танып, қорап ішіндегі логистикалық бағытты құрып, тиісті бөлікке жібереді.

— Менің жобамның маңыздылығы — оның автономды жұмыс істеуінде және қосымша ресурстарды қажет етпеуінде. Оны мектептер мен мекемелерге орнатуға болады, сонда ол қалдықтарды өздігінен сұрыптайды. Көптеген оқушыларда мұндай тәжірибе жоқ, ал мұнда олар үйреніп, оны өмірде қолдана алады, — деді Имран.

Финалда қатысушылар өз жобаларын қорғап, олардың практикалық тұрғыда қолдануға жарамдылығын қазылар алқасының алдында дәлелдеді.

Қарағандыдағы Нұркен Әбдіров атындағы мектеп оқушылары үш жобаны таныстырды: аккумуляторы бар күн станциясынан мобильді құрылғыларды қуаттауға арналған аппарат, 3D-баспа технологиясын қолдана отырып пайдаланылған майды қайта өңдеу қондырғысы және Гран-при иеленген «Велошредер» — пластик қақпақтарды қайта өңдеуге арналған құрылғы. Авторлардың айтуынша, жоба экологиялық ойлауды дамытуға және пластик қалдықтарын азайтуға бағытталған.

— Бүгінде балалар пластик бөтелкелердегі суды жиі сатып алады. Біз қақпақтарды мектептің өзінде жинап, қайта өңдеуге болады деп шештік. Алынған материалдан пайдалы бұйымдар жасауға мүмкіндік бар. Сонымен қатар велошредер сыртқы энергия көздерін қажет етпейді — ол механикалық күштің есебінен жұмыс істейді: адам педальды айналдырғанда, қақпақтар ұсақтағышқа түсіп, кейін қайта өңдеуге жіберіледі, — деп түсіндірді Нұркен Әбдіров атындағы мектептің оқушысы Әділжан Серіков.

Байқау идеясы Balkhash Tour Fest фестивалінің дамуына байланысты туындаған. Өткен жылы онда пластик бөтелкелерді 3D-принтерлерге арналған жіпке айналдыратын эко аймпқ жұмыс істеді. Жоба сұранысқа ие болғандықтан, формат байқау деңгейіне дейін кеңейтілді.

— Бұл байқау тұрақты түрде өтеді. Біз ұсынылған идеяларды қарастырып, оларды жүзеге асыруға көмектесеміз. Әзірлеуден бастап енгізуге дейінгі барлық үдеріс сүйемелденеді, оның ішінде ілгерілету де бар. Қазірдің өзінде Balkhash Tour Fest іс жүзінде B2B алаң ретінде жұмыс істеп отыр, бұл жобаларды енгізу мүмкіндігін арттырады, — деді қазылар алқасының мүшесі және Balkhash Tour Fest жобасының жетекшісі Ренат Алманов.

Қазылар алқасы әрбір жүлделі орын бойынша екі жеңімпазды анықтады.

Алтын жүлдені Қарағандыдағы Қазыбек Нұржанов атындағы гимназия оқушылары мектеп дәліздерінде қадамнан электр энергиясын өндіретін пьезо-плиткалар жобасымен, сондай-ақ Саран қаласындағы «Достық үйі» балалар-жасөспірімдер шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері мобильді пластик қайта өңдеу станциясымен иеленді. Олар өз әзірлемелерін жүзеге асырып, Balkhash Tour Fest 2026 фестивалінде таныстыра алады.
