
Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің машина жасау, металлургия және энергетика салаларындағы мүмкіндіктері — Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің базасында «Жастар ғылымының инновациялық және цифрлық технологияларды дамытуға қосқан үлесі» атты республикалық студенттік ғылыми конференция өтті. Іс-шара көрнекті қазақ қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, алғашқы қазақ профессор-математигі Әлімхан Ермековтің 135 жылдығына арналды.

Кездесу Ғылым күніне орай ұйымдастырылып, студенттік зерттеулерді таныстыру алаңына айналды.

Конференцияға еліміздің жоғары оқу орындарынан, сондай-ақ жақын және алыс шетелдерден 900-ден астам баяндама келіп түсті. Пленарлық отырыста сегіз студент өз жұмыстарын таныстырды, ал кейін талқылаулар 14 бағыт бойынша секциялық отырыстарда жалғасты. Олардың қатарында IT және жасанды интеллекттен бастап Smart Energy, радиоэлектрондық жүйелер, тау-кен металлургия кешені, машина жасау, көлік және логистика, сондай-ақ экономика, химия-биологиялық ғылымдар және құрылыстағы цифрлық шешімдер бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі ғылым барған сайын пәнаралық сипатқа ие болуда.

— Бұрын ғылыми бағыттар жеке-жеке дамыды — алдымен механика, кейін электроника мен компьютерлер. Ал бүгінде олардың арасындағы шекара жойылып келеді. Болашақ инженері бағдарламалау, жасанды интеллект және деректерді талдау негіздерін меңгеруі тиіс. Пәнаралық байланыс — ғылым дамуының басты трендіне айналып отыр, — дейді Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ-дың ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Әли Мехтиев.

Бүгінде жас ғалымдар өндіріс пен цифрлық сервистерге жақын болашақта енгізуге болатын қолданбалы міндеттермен айналысуда. Осындай жобалардың бірі — электр жабдықтарымен жұмыс істеу кезінде диагностика мен персоналды оқытуда толықтырылған шындық көзілдіріктерін қолдану бойынша зерттеу.

— Біз технологияны іске асырудың түрлі нұсқаларын және оны диагностика мен оқытуда қолдану мүмкіндіктерін қарастырдық. Болашақта бұл жабдықтың цифрлық егіздерін жасауға және оның жай-күйін дәлірек болжауға негіз болуы мүмкін, — деді конференция қатысушысы Дилара Жақұбекова.
Тағы бір зерттеу Қазақстан логистикасында жасанды интеллектті қолдануға арналды. Техникалық университеттің студенті Ақнұр Ердімұрат AI технологияларын енгізу кезінде туындайтын негізгі мәселелерді қарастырып, сала ерекшеліктерін ескере отырып, оларды шешудің ықтимал жолдарын ұсынды.

Барлық студенттік жобалар оқытушылардың жетекшілігімен командалық форматта орындалды. Мұндай тәсіл студенттерді бакалавриат деңгейінен бастап ғылыми-зерттеу қызметіне тартуға, практикалық дағдыларын қалыптастыруға және ғылымға қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді. Ал студент магистратураға түскен жағдайда, ол өз жобасын жалғастырып, толыққанды нәтижеге дейін жеткізе алады.