Ермағанбет Бөлекпаев: «Таза өңір әрқайсымыздан басталады»

Ермағанбет Бөлекпаев: «Таза өңір әрқайсымыздан басталады»

Қарағанды облысында өңірлік сенбілік өтіп жатыр. Барлық қала мен аудандарда тұрғындар тазалық жұмыстарына шығып, кәсіпорындар мен кәсіпкерлер де белсенді түрде атсалысуда. Қар ерігеннен кейін өңірде аумақтарды санитарлық тазалау және қоғамдық кеңістіктерді ретке келтіру бойынша бақылау күшейтілді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарға, кәсіпкерлерге және жастарға үндеу жасап, аулалар, көшелер мен қоғамдық орындардың тазалығы үшін күш біріктіруге шақырды.

— «Таза Қазақстан» — бір реттік акция емес, бұл біздің күнделікті жұмысымыз, айналамыздағы тазалық пен тәртіпке деген жауапкершілігіміз. Бұл — аулалардың, жаяу жүргіншілер жолдарының, саябақтар мен гүлзарлардың тазалығы. Ол тек барлығымыз бірігіп тәртіпті сақтап, қоқыс тастамаған жағдайда ғана қамтамасыз етіледі. Сондықтан облыс тұрғындарын тазалық жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын! Қыс аяқталды, енді саябақтарды, гүлзарларды және өз аулаларымызды ретке келтіретін уақыт келді. Айналамыз таза болуы тиіс, — деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі қар ерігеннен кейін қала мен аудандар әкімдерімен, сондай-ақ жолдар мен тротуарларды күтіп-ұстауға жауапты мердігер ұйымдармен бірге кезекті аралау жұмыстарын жүргізді.

Аралау бағыты Қазыбек би және Әлихан Бөкейхан атындағы аудандарды қамтыды. Барлық жерде жұмыс қарқынды жүріп жатыр: қазіргі таңда негізгі назар кездейсоқ қоқысты жинауға және жол жиектерін тазалауға аударылған. 

Қыс мезгілінен кейін құм-тұз қоспасының едәуір көлемі қалып қояды — бір маусымда 100 тоннадан астам материал пайдаланылған. Сондықтан басты міндеттердің бірі — оны уақытылы көшелерден шығару.

Қалада жолдар мен аялдама павильондарын жуу, тротуарларды, әйнек беттерді және жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін тазалау жұмыстары да жүргізілуде. Көлік тоқтайтын қалталар мен оларға кіреберістер ретке келтірілуде, әрбір учаске мердігер ұйымдарға бекітілген.

— Қазірдің өзінде жұмыстың белсенді жүргізіліп жатқаны көрініп тұр. Дегенмен, аула аумақтарында тұрғындармен, ПИК және мердігерлермен бірлесіп шешуді қажет ететін мәселелер бар. Біз қаланы жиірек аралап, атқарылған жұмыстардың нәтижесін бақылап, қажетті шараларды қабылдаймыз, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Биыл облыс орталығында абаттандырудың жаңа элементтері пайда болады.

— Бұған дейін гүлдермен безендірілген сәндік элементтер қоршауларға орнатылатын. Енді оларды жерге қойылатын құрылымдарға — вазондарға көшіру жоспарланып отыр. Олар жеткілікті түрде көрнекі болады, — деді Қазыбек би атындағы аудан әкімі Ералы Оспанов.

Алғашқы партия келесі аптада жеткізіледі деп күтілуде. Егер бұл шешім тиімділігін көрсетсе, мұндай элементтерді қала бойынша орнату жоспарланып отыр.

Сондай-ақ көгалдандыру жұмыстары да қарастырылған, оның ішінде әуежай бағытына апаратын жолдың бөлгіш жолағында. Аркадан кейін, бұрынғы ЖПБ бекеті бағытына қарай бордюр орнатылып, оның бойына жасыл желектер отырғызылады. Екі жағында бастапқы топырақ төсеу жұмыстары жүргізілген, алдағы кезеңде ағаш отырғызу жоспарланған. Нәтижесінде әуежай мен Алматы тасжолы жағынан қалаға кіреберіс толықтай жасыл желектермен көркемделеді.

Әлихан Бөкейхан ауданында да абаттандыру жұмыстары жалғасуда.

— Ең өзекті мәселелердің бірі — автокөлік санының артуына байланысты көпқабатты үйлер арасындағы тұрақ орындарының жетіспеушілігі. Сондықтан биыл аулалардағы тұрақ аймақтарын кеңейту жоспарланып отыр, — деді аудан әкімі Досбол Күлекеев.

Сонымен қатар биыл ауданда көше жарығын орнату және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы, облыс бойынша тазалық және абаттандыру жұмыстары барлық қала мен аудандарда жүргізілуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасын іске асыру жалғасады.