
Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдарға жұмыс табуға және жаңа ортаға бейімделуге көмектесетін мамандар даярланып жатыр. Мұндай кеңесшілер Job Coach — жұмысқа орналастыру бойынша жеке тәлімгерлер деп аталады.
Бағдарламаның мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар жандарды тек жұмысқа орналастыру ғана емес, сонымен қатар олардың еңбек ұжымына сәтті бейімделуіне ықпал ету. Кеңесші жұмыс іздеуші мен жұмыс беруші арасындағы делдал ретінде әрекет етіп, түсінбеушіліктердің алдын алуға және қолайлы, инклюзивті жұмыс ортасын қалыптастыруға көмектеседі.

Оқыту «ITeachMe» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен, мемлекеттік органдар мен Қарағанды облысының еңбек мобильдігі орталығының қолдауымен өтуде.
Қор жетекшісі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің штаттан тыс кеңесшісі Захира Бегалиеваның айтуынша, болашақ Job Coach мамандары әлеуметтік қорғау және инклюзивті жұмыспен қамту саласындағы тәжірибелі сарапшылардан білім алуда.
— Job Coach-тың негізгі міндеттері — ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жеке кеңес беру, олардың кәсіби әлеуетін анықтау, жұмыс іздеу кезеңінде сүйемелдеу, жұмыс берушілермен өзара әрекеттесу, бейімдеу бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, сондай-ақ жұмыс орнында бейімделу кезеңінде қолдау көрсету. Жоба мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру және сүйемелдеу бойынша мамандардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға бағытталған, — деді Захира Бегалиева.

Оқу барысында қатысушылар жеке консультациялар жүргізуді; адамның кәсіби дағдылары мен әлеуетін анықтауды; жұмыс іздеушіні барлық кезеңде сүйемелдеуді; жұмыс берушілермен тиімді байланыс орнатуды; жұмыс орнында бейімдеу бағдарламаларын әзірлеуді; жаңа жұмысқа үйрену кезеңінде қолдау көрсетуді меңгереді.

Сондай-ақ тыңдаушылар мүгедектікке қатысты заманауи көзқарастарды зерделеп, халықаралық тәжірибемен танысады және нақты практикалық жағдайларды талдайды.

Жоба мүгедектігі бар адамдарға жұмыс табуға және онда орнығуға көмектесетін мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының ақпаратына сәйкес.