
Қарағандыда «Франкофон көктемі – 2026» фестивалі басталды. Музыка сүйер қауым назарына ерекше кеш ұсынылмақ — камералық, лирикалық әрі шынайы шабытқа толы әуендер. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің залында француз музыкасы шырқалып, рояль басында алғаш рет Қазақстанда өнер көрсеткен танымал пианиношы, Париж жоғары ұлттық музыка консерваториясының оқытушысы Кристин Фонлюпт отырды.

Концерт «Әйелдер шабыты» деп аталды. Пианиношы Клод Дебюсси, Камиль Сен-Санс және Франсис Пуленк сынды классиктердің туындыларын, сондай-ақ композиторлар Мель Бони мен Сесиль Шаминадтың шығармаларын орындады.
Бағдарлама бір-бірімен сабақтасқан музыкалық хикаялар желісі ретінде құрылды. Әуен арқылы аңыз және шынайы әйел бейнелері — Ундина, Дездемона, Саломея, Эдит Пиаф және басқа да кейіпкерлер көрініс тапты.

Пианиношының айтуынша, бұл кеш ол үшін жай ғана гастроль емес, мәдени диалог алаңы болды.
— Мен Франция мәдениеті мен француз музыкасын таныстырғым келді. Музыка — адамдарды біріктіретін, бір-бірін түсінуге мүмкіндік беретін әмбебап тіл. Бұл концерт әйел-композиторларға — Сесиль Шаминад пен Мель Бониге арналды. Бұл — музыкадағы әйел көзқарасының шабытын және күшін көрсетуге талпыныс. Орындаған шығармаларым болашақта жарық көретін дискімнің репертуарына енеді, — деді Кристин Фонлюпт.
Шығармашылық кездесу Қазақстандағы Франция елшілігі мен Француз альянсының қолдауымен ұйымдастырылды.

Қазақстандағы Франция елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесі Од Кристофтың айтуынша, Қарағандыдағы концерт Қырғызстанда басталған Орталық Азия бойынша үлкен гастрольдік турдың бір бөлігі болды.
— Кристин Фонлюпт Қазақстанға алғаш рет келіп отыр. Алматыдағы концертінен кейін бүгін Қарағанды көрерменіне өнерін ұсынды. Одан кейін гастрольдік сапарын Өзбекстан мен Түрікменстанда жалғастырады, — деді ол.
Кеш тосынсыйсыз өткен жоқ. Соңында пианиношы көрерменге сый ретінде түрік композиторы Фазиль Сайдың шығармасын орындады. Фортепиано әуені ұлттық барабан үнімен үйлескен ерекше орындау мәнері көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Тығыз кестеге қарамастан, Кристин Фонлюпт қалада болып,

Қарағанды туралы жылы әсерімен де бөлісті.

— Осындай тамаша көрермен бар екеніне рақмет! Қарағандыда тағы да жүздескенше, — деп қарағандылықтарға алғысын білдірді ол.

Концерттен кейін көрермендер бірден тарамады —

көпшілік пианиношымен жеке жүздесіп, алғыс айту үшін қолтаңба сессиясына қалды.

Сапар барысында Кристин Фонлюпт өнер колледжінің студенттеріне арнап шеберлік сағатын өткізіп, өз тәжірибесі мен орындаушылық тәсілдерімен бөлісті.