Қарағандылықтар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада 16 медаль жеңіп алды

Қарағандылықтар жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадада 16 медаль жеңіп алды

Алматы қаласында жаратылыстану-математикалық цикл пәндері, сондай-ақ география мен химия бойынша республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Қарағандылық оқушылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, 16 қатысушы үйлеріне медальмен оралды.

Өңір үшін жалғыз алтын жүлдені Нұрмақов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 9-сынып оқушысы Сырым Амантай жеңіп алды. 

Ол география пәнінен үздік білімін көрсетті. Бұл — оқушының алғашқы ірі жетістігі емес: өткен жылдың тамыз айында Сырым Белград қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы халықаралық география олимпиадасында үшінші орын иеленген болатын.

— Сырымды және басқа да оқушыларды олимпиадаға үш жыл бойы дайындадым. Биылғы тапсырмалар күрделі болғанымен, өте қызықты өтті. Олимпиада үш кезеңнен тұрды: мультимедиялық, жазбаша және далалық. Соңғы кезең Сайран көлінде ұйымдастырылды. Қатысушылар жергілікті жердің жоспарын жасап, сызбалар дайындап, күннің түсу бұрышын анықтап, басқа да тапсырмаларды орындады. Сырым тамаша нәтиже көрсетті, — деді география пәнінің мұғалімі Рахым Серік.

Рахым Серіктің жетекшілігімен Әлішер Алғалиев, Аружан Амангелді және Ералы Қалыш екінші орын иеленді. Ал Ділдә Сақтаберген қола медаль жеңіп алды.

— Мұғалім ретінде еңбегіңнің нәтижесін көру — үлкен қуаныш. Оқушыларымды мақтан тұтамын. Өзім де кезінде олимпиадаларға қатысқанмын, сондықтан мұндай жетістікке жету үшін қаншалықты еңбек қажет екенін жақсы түсінемін, — дейді ұстаз.

Жүлдегерлер қатарында «Білім-Инновация» №1 және №2 лицейлерінің оқушылары да бар. Химия пәнінен Саян Мәжит екінші орын алды. Қола жүлдені Даниил Шен мен Азиз Басқар иеленді. Географиядан Нүрия Мұханбетәлі күміс медальға қол жеткізсе, Әмина Ысқақова қола жүлдегер атанды.