
Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасының «Кітап оқитын педагог» номинациясы бойынша бірінші кезеңі басталды. Аталған бастама оқырмандық мәдениетті дамытуға және кітап оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Ұқсас жобалар Түркістан және Қостанай облыстарында да жүзеге асырылуда.

Өңірде жобаға 67 мыңнан астам қатысушы тіркелген. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер және өзге де әлеуметтік топ өкілдері бар. Жоба жеті аудан мен алты қаланы қамтитын 13 әкімшілік аумақта іске асырылуда. Қарағанды қаласында оған 85 жалпы білім беретін мектеп тартылған.
Жобаға тіркелген педагогтердің жалпы саны 17 002 адамды құрайды. Соның ішінде шамамен 4,5 мың педагог белгіленген талаптарды орындап, тестілеу кезеңіне жолдама алған.
Дайындық аясында қатысушыларға 15 кітаптан тұратын тізім ұсынылған. Оның құрамына қазақстандық авторлардың шығармалары, сондай-ақ әлемдік классикалық және заманауи әдебиет үлгілері енгізілген. Іріктеу кезеңі тестілеу форматында өтеді: қатысушылар 45 минут ішінде 45 сұраққа жауап беруі тиіс. Үдеріс ережелердің сақталуын бақылаумен бірыңғай цифрлық платформада ұйымдастырылған.

Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: мектепішілік, аудандық (қалалық), облыстық және финалдық кезеңдер. Финал 23 сәуірге жоспарланған және Кітап күніне орайластырылған.
Жобалық кеңсе жетекшісі Дана Бақтығалиева негізгі мәселе кітаптың жетіспеушілігінде емес, саналы оқуға дағдыланудың әлсіреуінде екенін атап өтті.
— Бүгінде ақпарат көп, алайда оны терең қабылдау жетіспейді. Адамдар мәтінді үзік-үзік, үстірт оқиды. Бұл толық түсінуге мүмкіндік бермейді. Жоба ойлану, талдау, сезіне білу дағдыларын қайта қалыптастыруға бағытталған. Адам зейін қойып оқығанда, өзіне сұрақ қоя бастайды. Мұнда орта да маңызды рөл атқарады: кітапқа қолжетімділік, айналадағы үлгі, оқығанды талқылау. Біздің міндет — әрі қарай жалғасатын үдерісті бастау. Қазірдің өзінде жобаның жеке бастамадан шығып, күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келе жатқанын байқауға болады, — деді Дана Бақтығалиева.

«Кітап оқитын педагог» санатының менеджері Мөлдір Әлжанова қатысушылардың мотивациясына тоқталды.
— Бастапқы кезеңде көпшілігі жобаға жүлде үшін келгенін жасырмайды. Алайда дайындық барысында көзқарас өзгереді: қатысушылар жүйелі түрде оқи бастайды, талқылауға белсенді қатысады, мазмұнға деген қызығушылық артады. Уақыт өте келе мотивация да өзгереді — бұл жобаның басты нәтижелерінің бірі, — дейді Мөлдір Әлжанова.
Байқауға қатысушы, Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бекзат Алтынбек өз тәжірибесімен бөлісті:
— Алғашында жай ғана қызығушылық болды. Алайда оқу барысында көзқарасым өзгерді. Күн тәртібімді қайта қарап, уақыттың жетіспеуі көбіне әдетке байланысты екенін түсіндім. Жоба тек білімге ғана емес, өмір салтыма да әсер етті: тәртіп қалыптасты, ұсақ-түйекке мән беру артты. Бір сәтте нәтиженің емес, өзгеріс үдерісінің маңызды екенін ұқтым. Осы жолдан өткен әр адам жинақтаған білім арқылы құнды нәтижеге қол жеткізеді.
Пилоттық жоба қорытындысы бойынша оның тиімділігіне талдау жүргізіліп, кейін жобаны өзге өңірлерге кеңейту мүмкіндігі қарастырылады.