Қарағандылық жасөспірімдерді балалар жазушысы Ксения Земсковамен кездесуге шақырады

Қарағандылық жасөспірімдерді балалар жазушысы Ксения Земсковамен кездесуге шақырады

Қарағанды қаласындағы Абай атындағы балалар кітапханасында 6 сәуір күні сағат 16:00-де алматылық жазушы Ксения Земсковамен кездесу өтеді. Іс-шара «Балалар, сіздер үшін жазамыз!» жобасы аясында ұйымдастырылады. Кездесу барысында қонақтарды автордың шығармашылығы, туындылардың жазылу үдерісі және жазушылық шеберліктің қыр-сыры туралы қызықты әңгіме күтеді.

Ксения Земскова сондай-ақ әңгіме жазу бойынша шеберлік сағатын өткізеді. Онда жас қатысушылар өздерін автор ретінде сынап көруге мүмкіндік алады.

Кездесудің ерекше сәті жазушының жаңа «Много лет вперед» кітабының тұсаукесері болмақ.

Ксения Земскова — балалар мен жасөспірімдер әдебиеті жанрында еңбек ететін қазіргі заманғы қазақстандық жазушы. Оның шығармалары шынайылығымен, түсінікті тілімен және жас кейіпкерлердің жан дүниесіне терең үңілуімен ерекшеленеді.

Жазушымен кездесу Қарағандыда өтіп жатқан Балалар кітабы апталығы аясындағы іс-шараларды жалғастырады. Жас оқырмандар автормен жүздесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қолтаңба алу мүмкіндігіне ие болады.