
Қарағандылық өрт сөндірушілер 25-қабатқа үш минутқа жетпей көтеріле алатынын іс жүзінде дәлелдеді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде шынайы қызмет жағдайына барынша жақындатылған «Тік көтерілу» атты жарыс өтті.

Қатысушыларға тұрғын үйдің баспалдақ алаңдарын толық жауынгерлік киімде және тыныс алу аппараттарымен еңсеру тапсырылды. Жабдықтың жалпы салмағы 25 келіден асты. Сайысқа барлығы 51 өрт сөндіруші қатысты.

Ең үздік нәтиже — 2 минут 50 секунд — мамандандырылған жасақтың аға өрт сөндірушісі Алексей Теренюкке тиесілі болды.

Екінші орынды №6 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы Абылай Амантаев 3 минут нәтижемен иеленді.

Үшінші орын №1 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Данияр Әбеновке бұйырды. Ол қашықтықты 3 минут 16 секундта еңсерді.

— Толық жауынгерлік киіммен 25-қабатқа жүгіріп көтерілу оңай емес, — деді жарыс жеңімпазы Алексей Теренюк. — Бастапқы қарқын жеңіл болды, 12-қабатқа дейін айтарлықтай қиындық сезілген жоқ. Қалған қабаттарды мінез бен жігердің арқасында еңсердім.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, мұндай жарыстар кәсіби дағдыларды жетілдіруге және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылға дайындық деңгейін арттыруға бағытталған.

Жеңімпаздар Қарағанды облысының намысын республикалық жарыстарда қорғайды.
Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша