«Атамекен» ҰКП мен Қарағанды облысының әкімдігі бизнеспен диалогты күшейтуде

«Атамекен» ҰКП мен Қарағанды облысының әкімдігі бизнеспен диалогты күшейтуде

Қарағанды облысына «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Қанат Шарлапаев жұмыс сапарымен келді. 

Ол өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге кәсіпкерлермен кездесіп, негізгі реформаларды, бизнес-климатты жақсарту мәселелерін және өзекті проблемаларды талқылады.

Кездесуде атап өтілгендей, индустриялық өңірде шағын және орта бизнестің рөлі жыл сайын артып келеді: бүгінде бұл салада шамамен 100 мыңға жуық субъект жұмыс істейді.

Жалпы өңірлік өнім көлемі 6,5 трлн теңгеге жуықтаған.

Облыс экономикасының үштен бірі өңдеу өнеркәсібінің үлесіне тиесілі. Инвестиция тарту мәселесі ерекше назарда.

Облыс әкімінің төрағалығымен жұмыс істейтін сараптамалық кеңес аясында бизнес мәселелері тұрақты түрде қаралып келеді. «Атамекен» басшысымен өткен кездесу осы тікелей диалогты нығайтудың заңды жалғасына айналды.

— Шағын және орта бизнес өңір экономикасында шешуші рөл атқарады: жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді, салық түсімдерінің елеулі бөлігін қалыптастырады және салалардың дамуына үлес қосады. Біздің міндет — бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасау, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру және олардың барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету, — деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Ұлттық палата басшысы «Атамекеннің» жаңартылған стратегиясының басым бағыттарын айқындап, өңірдегі өзекті мәселелерді шешуге жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

— Қарағанды облысы — өңдеу өнеркәсібі, машина жасау және жаңа индустриялар бағытында зор әлеуетке ие қуатты индустриялық хаб. Сонымен қатар шағын және орта бизнес экономиканың тірегі болып қала береді. Бүгінгі міндет — оны қолдау шараларын түбегейлі жаңғырту, — деді Қанат Шарлапаев.

Кездесу барысында кәсіпкерлер орталық деңгейде шешуді талап ететін бірқатар мәселелерді көтерді. 

Атап айтқанда, отандық өндірісті заңсыз импорт пен демпингтен қорғау, қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу, қызметкерлерді сақтандыру жүйесін жетілдіру мәселелері сөз болды. 

Сондай-ақ заңнамалық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды.

Жұмыс сапары аясында Қанат Шарлапаев өңірдегі бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындарды және «Террикон алқабы» ІТ-хабын аралады. 

Сонымен қатар «Атамекен» басшысы жергілікті өндірушілер мен қолөнершілерді біріктірген, өңірлердегі жұмыспен қамтуды және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» жобасының көрмесімен танысты.