
Қарағандыда көктемнің ең ауқымды әрі айшықты музыкалық жобаларының бірі — XI республикалық эстрадалық орындаушылар байқауы «Жұлдыз-2026» шымылдығын түрді. 1–3 сәуір аралығында Кеншілер мәдениет сарайының сахнасы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас әртістердің жарқын өнеріне куә болады.
Дәстүрлі байқау жыл сайын жаңа есімдерді танытып, жас орындаушыларға үлкен сахнаға сенімді қадам жасауға жол ашады.
Биыл жобаға деген қызығушылық ерекше жоғары болды. Ұйымдастырушыларға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен елдің көптеген өңірлерінен 90-нан астам өтінім келіп түсті. Қатаң іріктеу нәтижесінде 20 қатысушы финалға жолдама алып, үздік атану жолында бақ сынамақ.
Жоба Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.
Іс-шараны облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Кеншілер мәдениет сарайы ұйымдастырды.
Байқау бағдарламасы үш күнге жоспарланған. 2 сәуірде баспасөз конференциясы ұйымдастырылып, одан кейін салтанатты ашылу рәсімі мен байқаудың екінші кезеңі өтеді. 3 сәуірде көрермендер финалдық сайысты, марапаттау рәсімін және жеңімпаздар мен шақырылған эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертті тамашалай алады.
Байқаудың басты мақсаты — дарынды орындаушыларды анықтап, жас әртістердің кәсіби деңгейі мен сахналық мәдениетін дамытуға серпін беру.
Кеншілер мәдениет сарайының басшысы, жоба авторы әрі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Саят Әбдіғали байқаудың отандық эстрада үшін маңызын ерекше атап өтті.
— «Жұлдыз» — жас таланттар үшін үлкен сахнаға бастар нақты жол. Осындай жобалар жаңа есімдерді жарыққа шығарып қана қоймай, орындаушылардың кәсіби тұрғыда шыңдалуына, сахналық мәдениеті мен өзіне деген сенімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл — қазақстандық эстраданың болашағына қосылған сүбелі үлес, — деді Саят Әбдіғали.