Қарағандылықтарды тегін қазақ тілі курстарына шақырады

Қарағандылықтарды тегін қазақ тілі курстарына шақырады

Қарағандыда ересектерге арналған мемлекеттік тілдің тегін курстарының екінші легі басталады. Оқытуды тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырады. Биыл облыс орталығында 900-ден астам тұрғынды, ал өңір бойынша 3 мыңнан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Бағдарлама қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыруға, оны күнделікті өмірде және кәсіби ортада кеңінен қолдануға, сондай-ақ тілдік ортаны дамытуға бағытталған.

Курстар аптасына үш рет, үш ай бойы өткізіледі. Негізгі оқу көлемі 72 академиялық сағатты құрайды, қосымша ретінде сөйлеу клубтары (28 сағат) қарастырылған. Жалпы оқу ұзақтығы — 100 академиялық сағат.

Сабақтар қаладағы бірнеше нүктеде өтеді: «Абзал» сауда үйінде, Гоголь көшесі, 34 мекенжайындағы оқу сыныбында, Оңтүстік-Шығыс ауданындағы Достық үйінде, сондай-ақ Майқұдықтағы «Каскад» сауда үйінде тыңдаушыларға қолайлы уақытта (таңертең, түсте немесе кешке) ұйымдастырылады. Қатысушылар дайындық деңгейіне қарай — A1-ден C1-ге дейін бөлініп, осы деңгейлер бойынша толық бағдарламадан өте алады.

— A1 және A2 деңгейлері тілді нөлден бастап үйренетін немесе базалық білімін жетілдіргісі келетін тыңдаушыларға арналған. Ал B1, B2 және C1 бағдарламалары қазақ тілін терең меңгеріп, еркін қолдануға бағытталған, — дейді тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Ұлжан Бөрібаева.

Курс соңында қатысушылар қорытынды емтихан тапсырып, белгіленген үлгідегі сертификат алады.

Өтінімді +7-702-448-98-68 (WhatsApp) нөмірі арқылы немесе QR-код арқылы электронды түрде беруге болады.

Сондай-ақ мына сілтеме арқылы тіркелуге мүмкіндік бар:

https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSc7i60TPe0d_tQVYQNRUcPN0CXTJjyLfuWoR9TqzW3nT7poEg/viewform?usp=dialog.

Өтінімдер сәуір айы бойы қабылданады, сабақтар мамырда басталады.

Ұйымдар үшін 15 адамнан бастап топ жинақталған жағдайда топтық тіркелу мүмкіндігі қарастырылған.