Қарағандыда мүгедектігі бар жандарға арналған жаңа мүмкіндіктер талқыланды

Қарағандыда мүгедектігі бар жандарға арналған жаңа мүмкіндіктер талқыланды

Қарағанды қаласындағы Ten Qogam мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ерекше қажеттіліктері бар тұрғындарды қолдау мен олардың әлеуетін арттыру мәселелері бойынша мазмұнды диалог алаңына айналды. Кездесуге Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің кеңесшісі Захира Бегалиева қатысты.

Қарағанды облысы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев орталық қызметінің негізгі бағыттары мен нәтижелері туралы кеңінен баяндады. Бүгінде Ten Qogam кеңес беру қызметінен бастап, жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, кәсіби оқыту және әлеуметтік бейімдеу бағыттарын қамтитын кешенді қолдау көрсетеді.

Кездесу барысында мүгедектігі бар азаматтардың өмір сапасын арттыру мәселесіне айрықша назар аударылды. Қатысушылар қолжетімді ортаны дамыту, сондай-ақ өзін-өзі жүзеге асыру мен қоғамдық өмірге белсенді қатысу мүмкіндіктерін кеңейту жолдарын талқылады.

Басқосу бейресми әрі мазмұнды форматта өтті. Тараптар қолданыстағы қолдау тетіктерін жетілдіру жөнінде пікір алмасып, алдағы ынтымақтастықтың нақты бағыттары мен басымдықтарын айқындады.