Қарағандыда «Махаббат мекені» спектаклінің тұсаукесері өтті

Қарағандыда «Махаббат мекені» спектаклінің тұсаукесері өтті

Қарағанды облыстық Сәкен Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында француз драматургі Жан-Мари Шевренің «Скват» пьесасы желісімен сахналанған «Махаббат мекені» спектаклінің премьерасы өтті.

Қойылым атауы «squat» ұғымымен сабақтас — яғни иесіз тұрған тұрғын үйге рұқсатсыз қоныстану. Спектакльде негізге араб жігіті мен поляк қызы — екі жас эмигранттың тағдыры алынған. 

Олар бөтен үйге жасырын түрде орналасып, уақыт өте келе баспананың иелерімен бетпе-бет келеді. Осылайша, қарапайым тұрмыстық жағдай біртіндеп терең әлеуметтік, дүниетанымдық және мінездік қайшылықтарға ұласады.

— Бұл шығарма ең алдымен адамгершілік құндылықтарды алға тартады. Кейіпкерлердің ішкі трансформациясы, бір-бірін қабылдай білуі, диалог арқылы өзара түсіністікке ұмтылысы — мұның бәрі нәсілшілдік, төзімсіздік және әлеуметтік тосқауылдар сияқты таптаурындардың өзгені тыңдауға дайындық пайда болған сәтте-ақ күйрейтінін көрсетеді, — дейді спектакль режиссёры Әлімбек Оразбеков. — Бұл жұмыс мен үшін айрықша мәнге ие. Себебі дәл осы театрда режиссёр ретінде қалыптастым. Бүгінде мұнда қуатты әрі дарынды жас труппаның қалыптасқанын көріп отырмын.

Айта кету керек, «Скват» пьесасы халықаралық деңгейде жоғары бағаланған. 2000 жылы БҰҰ сыйлығына ие болып, ағылшын, итальян және неміс тілдеріне аударылған. Ал 2001 жылы беделді «Мольер» театр сыйлығына «Үздік комедия» аталымы бойынша ұсынылған.

Қойылымда театр әртістері Дина Заитова, Динара Айғазинова, Бибігүл Жағыпарова, Фарух Бегалы, Дарын Жандосұлы және Айғаным Айтпаева өнер көрсетті.

Премьерадан кейін көрермен Айгүл Омарбекова өз әсерімен бөлісті.

— Пьеса жазылғанына ширек ғасырдан асса да, оның өзектілігі бүгінге дейін сақталған. Бұл — мейірім мен махаббат туралы, ең бастысы — қандай жағдайда да адамдық болмысты жоғалтпау жайлы терең туынды, — дейді ол.

Сонымен қатар театр ұжымы алдағы жаңа қойылымның да анонсын жария етті.

— Құрметті көрермендер, сіздерді 4–5 сәуір күндері «Пай-пай, жас жұбайлар-ай» спектакліне шақырамыз. Бұл қойылым отбасылық құндылықтар, заманауи қарым-қатынастар және әлеуметтік желілердің жас отбасы өміріне ықпалы туралы сыр шертеді. Шығарма бұған дейін сахналанса да, көтерген мәселелері бүгінгі күні де өзектілігін жойған жоқ, — деді театрдың режиссёры әрі көркемдік жетекшісі Айдын Салбанов.

Фото: Сәкен Сейфуллин атындағы театр