
Қарағанды облысында экологиялық бастамалар жаңа деңгейге көтеріліп жатыр — өңірде цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде кеңейтілуде. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 395 бейнебақылау камерасы орнатылып, жасыл қор толық түгенделді: 1,8 миллионнан астам ағаш цифрлық базаға енгізілді. Сонымен қатар полимер қалдықтарын қайта өңдеп, қаптама шығару және Қарағандыда қағаз зауытын салу бағытындағы екі ірі жоба жүзеге асырылуда.
Аталған жұмыстардың барысы аппараттық кеңесте қаралып, бұл туралы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тілектес Досаев пен қала әкімдері баяндады.
Өңірде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға да айрықша мән берілуде. Бүгінде 328 мектепте «жасыл сыныптар» ашылып, жас ұрпаққа экологиялық тәрбие беру жүйелі жолға қойылған. Сонымен қатар «Тазалық эстафетасы», «TazaLike» экологиялық фестивальдері мен «Өзіңнен баста» акциясы өткізілді.
Қарағанды қаласында абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда.
— Биыл 12 гүлзар мен 62 аула аумағын абаттандыру жоспарланған. Сондай-ақ спорт алаңдары, мұз айдыны және ит серуендетуге арналған арнайы аймақ салынады. Бұдан бөлек, 46 балалар ойын алаңы жөндеуден өтеді, — деді қала әкімінің орынбасары Рүстем Қожақапанов.
Тұрғындардың бастамашылдығы мен қатысуына ерекше басымдық беріліп отыр. Өңірде «Үздік аула» байқауы және «Таза аула» челленджі ұйымдастырылуда. Оны «Тұрғын үй қоры» компаниясы өткізеді. Байқаудың басты жүлдесі — жеңімпаз ауланы толық абаттандыру.
Теміртауда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында 22 аула жөнделмек. Сонымен қатар саябақтың оң жағалауын жаңғырту және әкімдік алдындағы алаңды қайта құру жұмыстары жалғасуда.
— Металлургтер даңғылын қайта жаңғырту жобасы жолды күрделі жөндеумен қатар, бульварды заманауи талаптарға сай жаңартуды көздейді. Жоба аясында веложолдар, жарықтандыру жүйелері және шағын сәулет нысандары орнатылады, — деді қала әкімі Ғалым Әшімов.
Балқаш қаласында негізгі назар санитарлық тазалық пен туризмді дамытуға аударылған. Жағалау аумағын жүйелі тазалау жүргізіліп, жағажайлардың жағдайына бақылау күшейтілуде.
— Ақшағылда, Барков ауданында, Шұбар-Түбекте және Торанғалықта жағажайларды абаттандыру жоспарланған. Онда санитарлық тораптар, қоқыс контейнерлері және шағын сәулет нысандары орнатылады, — деді қала әкімі Сапар Сатаев.
Сонымен қатар Бертіс шығанағын лайдан және су астындағы бөгде құрылымдардан тазарту жұмыстары жалғасып жатыр.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев экологиялық бастамалардың тиімділігі ең алдымен тұрғындардың белсенділігіне байланысты екенін атап өтті.
— «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы тұрғындардың белсенді қатысуымен ғана нақты нәтиже береді. Әрбір азамат қоршаған ортаны қорғауға өз үлесін қоса алады — сенбіліктерге қатысудан бастап, балаларға экологиялық тәрбие беруге дейін, — деді өңір басшысы.