
Қазақстанда алдағы сенбі, 28 наурыз күні, барлық өңірлерде онкологиялық аурулардың алдын алуға арналған ашық есік күні өтеді. Осы күні Қарағанды облысының тұрғындарын сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін №3 көпсалалы ауруханаға шақырады. Барлық ниет білдірушілер тегін профилактикалық тексеруден өтіп, дәрігерлердің кеңесін ала алады.

Бұл күні ең көп таралған онкологиялық ауруларды — бүйрек обыры, жатыр мойны обыры және колоректалды қатерлі ісікті ерте анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Мамандардың айтуынша, мұндай дерттер ұзақ уақыт бойы белгісіз, симптомсыз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты тексеруден өтіп тұру аса маңызды.

— Сіздерді кезекті ашық есік күніне шақырамыз. Біз жасырын созылмалы ауруларды анықтауға көмектесеміз. Алты кабинет жұмыс істейді. Әр ауру түрі бойынша ультрадыбыстық диагностика, эндоскопиялық зерттеулер жүргізіліп, кейін дәрігердің қабылдауы болады, — деді №3 көпсалалы ауруханасының амбулаториялық-емханалық қызметінің жетекшісі Анатолий Красножен.

Дәрігерлер атап өткендей, ауруларды ерте кезеңде анықтау емнің тиімділігін едәуір арттырып, толық сауығу мүмкіндігін көбейтеді.