
Қарағандылықтарды Николай Плушкис атындағы «Мэрцишор-2026» румын фольклоры фестиваліне шақырады. Көктемнің, музыка мен дәстүрдің мерекесі 28 наурыз күні Достық үйінде (Шахтёрлер даңғылы, 64) өтеді. Басталуы – сағат 14:00-де. Кіру тегін.
Көрермендерді мазмұнды концерттік бағдарлама күтеді: халық музыкасының жанды орындалуы, ұлттық билер мен шығармашылық ұжымдардың өнері ұсынылады. Сахнада «Доруле» этнофольклорлық ансамблі, сондай-ақ «Русалица», «Қуаныш», «Жұлдыз» ансамбльдері және әнші Кристина Замерчук өнер көрсетеді.
Фестивальдің арнайы қонақтары Клуж-Напока қаласынан келетін танымал әртістер — Лавиния Госте мен Мариус Зорилэ болады. Бұл — румын фольклорындағы ең жарқын шығармашылық жұптардың бірі. Лавиния Госте халық музыкасының ең сүйікті дауыстарының бірі ретінде танылған. Ал Мариус Зорилэ — виртуоз скрипкашы, дирижёр әрі композитор. Олар сахнада өнер көрсетіп қана қоймай, ұлттық мәдениетті дамытуға да үлес қосып келеді: Валахия ұлттық оркестрін және жас өнерпаздарды тәрбиелейтін «Зорилэ» фольклорлық мектебін құрған.
Қарағандыда облыстық румындардың «Дакия» қоғамы 2005 жылдың сәуір айынан бері жұмыс істейді. Көп жылдар бойы оны Николай Плушкис басқарған. Қоғам негізін қалаушылардың бірінің құрметіне фестиваль енді оның есімімен аталады. «Мэрцишор» мәдени шарасы қалада он екінші рет өткізіліп, көктемді қарсы алудың игі дәстүріне айналды. Бұл мереке Румыния мен Молдовадан бастау алып, жаңару мен жаңа өмірдің нышаны саналады — мазмұны жағынан Наурыз мейрамымен үндес.