
Француз пианиношысы Кристина Фонлюпт Орталық Азия елдеріне алғаш рет гастрольдік сапармен аттанып отыр. Ауқымды тур аясында ол Қарағанды қаласында да өнер көрсетпек.
«Әйел шабыты: XIX–XX ғасырлардағы француз музыкасы» атты концерт 2 сәуір күні сағат 18:30-да Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ғимаратында (Мұқанов көшесі, 10) өтеді. Кіру тегін. Концертке қатысу үшін Қарағандыдағы Француз Альянсына +7-778-674-89-79 телефоны арқылы алдын ала тіркелу қажет. Орын саны шектеулі.
Кеш бағдарламасында француз музыкалық өнерінің жауһар туындылары шырқалады. Көрермендер Клод Дебюсси, Эрнест Шоссон, Мель Бонис, Жорж Бизе, Камиль Сен-Санс, Сесиль Шаминад және Франсис Пуленк сынды көрнекті композиторлардың шығармаларын тыңдай алады.
Кристина Фонлюпт Францияның жетекші музыкалық оқу орындарында білім алған кәсіби пианиношы. 2019 жылдан бері ол жүзге жуық пианиношыны біріктірген ірі шығармашылық жоба — фортепианолық оркестрді басқарып келеді.
2020 жылы виолончельші Валери Эмар және сопрано Анн Бакемен бірге ол La girafe confite триосын құрды. Бұл ұжыммен пианист Франция бойынша кабаре жанрындағы ерекше концерттік бағдарламамен гастрольдік сапарлар ұйымдастырып жүр.
Өнер иесінің шығармашылық қоржынында бірнеше альбом бар. Олардың қатарында аргентиналық тангоға арналған жобалар, органист Эрик Лебрунның туындылары, сондай-ақ Дебюсси мен Шоссон шығармаларына арналған жеке жазбалар қамтылған.
Кристина Фонлюпт Париж филармониясы, Опера Комик және Комеди Франсез секілді беделді сахналарда өнер көрсетіп, Авиньон және Берлиоз фестивальдерінің қатысушысы атанған.
Аталған концерттер Францияның Қазақстандағы, Қырғызстандағы және Өзбекстандағы елшіліктері мен Француз Альянсының бірлескен қолдауымен ұйымдастырылып отыр.