
Қарағанды облысының Шет ауданында телемедицина өзінің жоғары тиімділігін айқын дәлелдеді: небәрі төрт айдың ішінде 426 қашықтан дәрігерлер кеңесі ұйымдастырылды. Шалғай елді мекендердің тұрғындары аудан шегінен шықпай-ақ облыстық деңгейдегі бейінді мамандардың — кардиологтардан бастап эндокринологтарға дейін — көмегіне жүгіну мүмкіндігіне ие болды. Барлық медициналық қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін көрсетілді.
Күрделі клиникалық жағдайларға да айрықша мән берілді: екі телемедициналық консилиум өткізіліп, соның нәтижесінде емдеу тактикасы нақтыланып, ықтимал асқынулардың алдын алуға жол ашылды.

— Бүгінде пациенттер ауданнан шықпай-ақ облыстық деңгейдегі білікті мамандардың кеңесін ала алады. Бұл, әсіресе, созылмалы сырқаты бар және қозғалысы шектеулі жандар үшін аса маңызды. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер байқалады: облыс орталықтарына бару қажеттілігі азайып, ауруларды ерте анықтау көрсеткіші артты, — деді аудандық аурухананың директоры Мағжан Оспанов.
Жаңашыл бастаманың тиімділігін тұрғындардың өздері де жоғары бағалауда.
— Қан қысымым жиі көтеріліп, мазалайтын. Учаскелік терапевтке қаралып, кардиологтың қашықтан кеңесін алдым. Дәрігер мұқият тыңдап, тексерулерімді зерделеп, ем тағайындады. Қазір жағдайым әлдеқайда жақсарды. Бұрын қалаға барып, жолға уақыт пен қаражат жұмсап, кезек күтуге тура келетін. Ал қазір барлығы өз ауылымызда, өте ыңғайлы әрі қолжетімді, — дейді Ақсу-Аюлы ауылының тұрғыны.
Пилоттық жобаны алдағы уақытта кеңейту көзделіп отыр. Бұл телемедицинаның ауыл тұрғындары үшін қолжетімділігін одан әрі арттырып, сапалы медициналық көмекті жаңа деңгейге көтермек.
Қарағанды облысы бойынша Медициналық сақтандыру қоры филиалының баспасөз қызметінің ақпараты бойынша