Қарағанды облысында ғылым мен бизнесті біріктіретін хаб іске қосылды

Қарағанды облысында ғылым мен бизнесті біріктіретін хаб іске қосылды

Қарағанды облысында Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университет базасында Қазақстандағы алғашқы өңірлік инновациялық-индустриялық хаб құрылды. Халықаралық тәжірибе негізінде әзірленген жобаны облыс әкімдігі қолдады. 

QarTech ғылым мен өндірісті біріктіріп, озық технологияларды өндіріске енгізуге арналған алаңға айналмақ. Мұнда қазірдің өзінде хакатондар өткізуге, стартаптарды ілгерілетуге мүмкіндік бар, ал алдағы уақытта зертханалық-өндірістік кешен іске қосылады.

Хаб алаңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың, ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенованың, ғалымдар мен өнеркәсіп өкілдерінің қатысуымен ғылым және технологиялар жөніндегі кеңестің отырысы өтті.

— Өңірде 2 мың кәсіпорын жұмыс істейді, олардың 15 пайызы өндірістік үдерістерге инновацияларды белсенді енгізіп отыр. Бұл өз кезегінде пайда өсіміне және шығындарды қысқартуға мүмкіндік берді. Инновациялық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ірі жобалар жүзеге асырылуда, — деді Ермағанбет Бөлекпаев. — Хаб базасында әлемдік жаңа технологияларды зерделеуге арналған коммуникациялар орталығы құрылды. Мұнда өнеркәсіп кәсіпорындарына зертханалық инфрақұрылым, қызметтер мен инновациялық жобаларды қолдауға, стартаптар құруға және техникалық салаларды дамытуға арналған бағдарламалар ұсынылады.

Биыл зертханалық-өндірістік кешенді жабдықтау, сондай-ақ кәсіпорындармен бірлесіп алюминий технологиялары және инжиниринг орталығын, конструкторлық бюро және тау жыныстары мен топырақ механикасы зертханасын құру жоспарланған.

Ермағанбет Бөлекпаев облыста ғылым мен бизнес арасындағы ынтымақтастыққа арналған өзге де алаңдар бар екенін атап өтті. 

Соның бірі — Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті жанынан құрылған Жамбыл Ақылбаев атындағы ғылыми технопарк.

Гүлзат Көбенова ғылым және жоғары білім министрінің құттықтауын жеткізді. Ол хабтың ашылуымен құттықтап, өңірлік ғылымды дамытудың маңызын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Қарағанды облысында 1500-ден астам ғалым өңдеуші өнеркәсіп, шикізатты қайта өңдеу, химия өнеркәсібі, жер қойнауын игеру және басқа да салаларды дамытуға бағытталған ғылыми-техникалық зерттеулер жүргізуде», — делінген құттықтау хатта.

Хабтың қызметі туралы Ә. Сағынов атындағы ҚарТУ ректоры Сәуле Сағынтаева баяндады.

Оның айтуынша, жаңа құрылым қазірдің өзінде нақты нәтижелер көрсетуде: университеттің 100-ден астам қызметкері біліктілігін арттырған, 120 ғалым инновациялық кәсіпкерлікке оқытылған, 10 стартап инкубациядан өткен, 8 жоба акселерацияға іріктелген, 2 өндірістік хакатон өткізілген, ал өңірлік инновациялар форумына 400-ден астам адам қатысқан.

Өнеркәсіп кәсіпорындарында цифрлық технологияларды енгізу туралы «Казпромавтоматика» ЖШС техникалық директоры Дмитрий Лепехов айтып берді. 

Бейнебайланыс арқылы Cardiff University Kazakhstan басқарма мүшесі Талғат Жүсіпбек сөз сөйлеп, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерімен бөлісті.

Қорытындылай келе, Ермағанбет Бөлекпаев мұндай кездесулер тұрақты түрде өткізілетінін атап өтті. 

Келесі кеңес Е. А. Бөкетов атындағы ҚарҒЗУ технопаркі алаңында өтеді деп жоспарланып отыр.