
Қарағанды облысы Нұра ауданындағы Рахым Асубаев атындағы мектепте «Жас сақшы» жас полицейлер сыныбы өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Polisia.kz. Жоба Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, тәртіптілікке баулуға және ішкі істер органдарындағы қызметке қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Жоба аясында мектеп оқушылары заңнама негіздерімен, ішкі істер органдарының қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілермен танысады. Бұл сабақтар олардың кәсіби бағдарын айқындауға көмектесіп, кейбір түлектердің болашақта полиция қызметін саналы түрде таңдауына ықпал етуі мүмкін.
«Жас сақшы» сыныбының ашылу салтанатында жоба қатысушылары ант қабылдады.
Сынып Ұлы Отан соғысының және ішкі істер органдарының ардагері, милиция подполковнигі Жанабыл Баймағамбетовтың құрметіне аталды. Оның өмір жолы мен жауынгерлік наградалары оқушылар үшін үлгі болмақ.
Іс-шараға полиция, білім беру саласының өкілдері, ардагерлер кеңесінің мүшелері және ардагердің туыстары қатысты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Жас сақшы» жобасы жауапты әрі отансүйгіш ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.