
Қарағандылықтар Наурыз мейрамын ерекше форматта атап өтуге мүмкіндік алады. Урбанистика орталығы мен «Террикон алқабы» IT-хабы ұйымдастыратын WOWRYZ мерекесі ұлттық дәстүрлерді заманауи технологиялармен және шығармашылықпен үйлестіріп, қала тұрғындарына отбасылық демалыстың жаңа үлгісін ұсынады.
WOWRYZ — көктем мерекесінің мәні мен мазмұнын интерактивті форматта ашатын ашық алаң. Жоба жастарды, балаларды, отбасыларды және белсенді қала тұрғындарын біріктіріп, әрбір қатысушыға өз қызығушылығына сай уақыт өткізуге жағдай жасауды көздейді.

Мереке бағдарламасы мазмұнды әрі көпқырлы. Ашық кеңістікте балалар суреттерінің көрмесі ұйымдастырылып, сурет салу, скрапбукинг және гүл жасау бойынша шығармашылық шеберлік сабақтары өтеді. Қонақтар үшін фотобудка мен арнайы фото аймақтар жұмыс істейді, ал кішкентай келушілерге ойын алаңдары, аквагрим және шаш өру қызметтері ұсынылады.
Іс-шарада заманауи технологияларға да айрықша мән берілген. Келушілер робот-итті, роботтандырылған қолды және 3D-принтердің жұмыс барысын тамашалай алады. Сонымен қатар домбырашының жанды орындауы, аниматорлармен флешмоб, канистерапия сеанстары және қарағандылық қолөнершілердің көрмесі ұйымдастырылады.
Кешкі уақытта алаң ашық микрофон форматында жалғасып, мерекелік көңіл күй киіз үйдегі дискотекамен түйінделеді.
WOWRYZ мерекесі 21 наурыз күні Алалыкин көшесі, 12/1 мекенжайында өтеді. Басталуы — сағат 14:00-де.
Кіру тегін.
Балаларға арналған шеберлік сабақтарына қатысу үшін алдын ала тіркелу қажет, жазылу іс-шара өтетін жерде жүргізіледі.