
Шахта түнегі, этнографиялық залдың төріндегі киіз үй және шыны астындағы көне сақ қанжары — акинак. Ауқымды жаңғыртудан кейін Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы келушіні дәуірлер арасымен жетелейтін бірегей кеңістікке айналды: көне дала өркениеттерінен бастап қазіргі индустриялық кезеңге дейінгі тарих тұтас бір желіге тоғысқан. Мұнда өткен заман қайта «тіл қатады»: кітаптар сөйлеп, артефактілер виртуалды бейнелер арқылы «жанданып», ұлттық музыкалық аспаптар экранға жанасқанда әуезге айналады.
Жаңарту жұмыстары шамамен бір жарым жылға созылып, экспозицияның басым бөлігін қамтыды.
Нәтижесінде мұражайда интерактивті панельдер, мультимедиялық шешімдер және жаңа көрме кеңістіктері пайда болды.
— Біз музейді тарихты тек витрина арқылы тамашалайтын емес, оны сезініп, бастан кешіретін ортаға айналдыруды мақсат еттік. Отандық және халықаралық тәжірибені зерделедік. Енді өңір тарихын тек көру ғана емес, есту, қолмен ұстап көру, тіпті оның бір бөлігіне айналу мүмкіндігі бар, — деді мұражай директоры Ержан Нұрмағанбетов.
Жаңартылған экспозиция 13 тақырыптық залдан тұрады. Мұражай қорында 150 мыңнан астам жәдігер сақталған.
Экскурсия «Өмір ағашы» композициясынан басталады. Бұл — өңір тарихындағы дәуірлер сабақтастығын бейнелейтін символдық туынды.

Одан әрі келушілер палеонтология залына өтеді.
Келесі бағыт — археология залдары. Кеңістік едәуір кеңейіп, енді ежелгі кезеңге үш бірдей зал арналған.
Мұнда Орталық Қазақстан аумағынан табылған бірегей олжалар ұсынылған.

Солардың қатарында Қарқаралы ауданынан табылған «Алтын адам» қорымынан алынған әшекейлер, Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық парк аумағындағы қорғандардың бірінен табылған қола қазан,
сондай-ақ Ақтоғай ауданындағы Қарабиі қорымынан табылған, сабы арқар мүйізі мен жыртқыш құстар бейнесімен өрнектелген қос жүзді акинак қанжары бар.
Залдардың бірінде келушілер Шет ауданындағы Талды археологиялық паркінде орналасқан Қаражартас қорымындағы әйгілі сақ пирамидасының макетін тамашалай алады.
Диорамалар көне дәуірдегі тіршілік көріністерін шынайы бейнелейді: қола дәуірінің баспанасы, қызған пеш маңындағы металлургтер шеберханасы және басқа да сахналар.
Жаңартылған мұражайда интерактивті аймақтарға айрықша мән берілген. Олар қарапайым экскурсияны уақыт кеңістігіндегі саяхатқа айналдырады. Мәселен, арнайы экран арқылы тарихи тұлғалардан бата алуға болады: есімді таңдасаңыз, ғасырлар қойнауынан жеткендей әсер қалдыратын үн естіледі.
Жақын маңда орналасқан цифрлық кітап та ерекше әсер сыйлайды. Оның беттерін парақтаған сайын өткен күндер туралы әңгіме айтқан қарияның дауысы естіледі — бұл шынайы отбасылық естелік тыңдағандай күйге бөлейді.
Балаларға арналған интерактив те қарастырылған. Арнайы батырма арқылы ежелгі әшекейлер мен бұйымдарды ер және әйел бейнелеріне орналастырып, олардың шынайы өмірде қалай қолданылғанын көруге болады.
ХХ ғасыр тарихына арналған кеңістіктер де жаңаша сипат алған.
Жартылай қараңғы залда 1940-жылдардағы шахта көрінісі қайта жасақталған: тар өткел, вагонетка, шахтёр құралдары мен арнайы киімдер жерасты еңбегінің атмосферасын айқын жеткізеді.
Ұлы Отан соғысы кезеңіне арналған бөлімде майданға жүк тасымалдауды бейнелейтін теміржол вагоны
мен соғыс жылдарының ахуалын көрсететін блиндаж ұсынылған.

Тағы бір мультимедиялық аймақ — ескі Қарағанды көшелерімен виртуалды серуен. Үлкен экранда қала көшелері, ғимараттар мен алаңдардың ретро-суреттері ауысып отырады. Әр суреттің жанында бүгінгі күндегі көрінісі туралы ақпарат берілген.
Алдағы уақытта мұражайда QR-код жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұл келушілерге әр жәдігер туралы қосымша мәліметті жылдам алуға мүмкіндік береді.
Келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында музейде балалар бөлмесі де ашылған. Мұнда бүлдіршіндер ойнап, сурет салып, кейін жасанды интеллект көмегімен өз жұмыстарын экранда анимацияға айналдыра алады.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы Ерубаев көшесі, 38 мекенжайында орналасқан. Мұражай күн сайын сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Билет бағасы: балаларға — 200 теңге, студенттерге — 700 теңге, ересектерге — 1000 теңге.
Суретті түсірген: Жангелді Әбдіғалым