
Қарағанды облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. 2026 жылы өңірде республикалық және облыстық маңызы бар автожолдардың, сондай-ақ қалалық көшелер мен көпірлердің 500 шақырымға жуығын жаңарту жоспарланып отыр. Жобалардың негізгі мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және облыстың логистикалық әлеуетін дамыту.

Негізгі жобалардың бірі Қарағанды – Жезқазған автожолын қайта жаңғырту болады. Ұзындығы 122 шақырым болатын бұл магистраль елдің орталық өңірлері үшін стратегиялық маңызға ие және Қарағанды облысын Ұлытау өңірімен байланыстырады. Жол 1970-жылдары салынған және жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеуден өтпеген.
Жоба аясында автожолды төрт жолаққа дейін кеңейту қарастырылған. Жұмыстар жаңа тәсілмен ұйымдастырылады: алдымен екі қосымша жолақ салынып, содан кейін қолданыстағы жол төсеміне жөндеу жүргізіледі. Бұл тәсіл көлік қозғалысын тоқтатпай, айналма жолдарды ұйымдастырмай жүргізуге және жүргізушілер үшін қолайсыздықтарды барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаны қаржыландыру Халықаралық қайта құру және даму банкі мен Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі қарыздары есебінен мақұлданған. Қазіргі уақытта мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Автожолды қайта жаңғырту жұмыстары биыл басталып, 2029 жылға дейін аяқталады деп жоспарланған.
Сонымен қатар облыстық маңызы бар автожолдардың 84 шақырымына орташа жөндеу жүргізу көзделіп отыр. Атап айтқанда, Қарқаралы – Егіндібұлақ – Бүркітті автожолы жөнделеді.
Өңірде теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Жоба «Қазақстан темір жолы» бағдарламасы аясында іске асырылып, облыста 14 нысанды қамтиды: 10 вокзал және 4 жолаушылар платформасы.

Жоба шеңберінде ғимараттарды, инженерлік желілерді, күту залдарын және перрондарды жаңарту, сондай-ақ жолаушыларға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау қарастырылған.

Қауіпсіздік, навигация және жайлылық мәселелеріне ерекше назар аударылады.

Өткен жылдың соңында Айса, Теміртау (Әлеуметтік қала), Сарышаған және Қарағанды-Сұрыптау (жұп) станцияларындағы жолаушылар платформаларын жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл бұл нысандарда шатырлар мен аялдама павильондары орнатылады.
Сонымен қатар Балқаш-2, Мойынты, Ағадыр, Дәрия, Жарық, Жаңа Қарағанды, Қарағанды-Сұрыптау (жұп), Мырза, Нұра және Сарыбел вокзалдарының ғимараттарын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жобаларды биыл аяқтау жоспарланған.
Тағы бір маңызды инфрақұрылымдық жоба азаматтық авиацияны дамытуға қатысты. Балқаш қаласында әуежайды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Оның аясында аэродром инфрақұрылымы жаңартылып, жабдықтар модернизацияланды.
1 маусымнан бастап Астана мен Алматы бағыттарына субсидияланатын әуе рейстерін іске қосу жоспарланып отыр. Жалпы, әуежайдың мүмкіндігі артып, көбірек рейс қабылдауға жағдай жасалады. Бұл өз кезегінде Балқаш көлінің жағалауында туризм мен іскерлік белсенділіктің дамуына ықпал етеді.