
Қарағандыда облыстық еріктілер форумы өтіп, оған өңірдің белсенділері, еріктілері мен қоғам қайраткерлері жиналды. Бүгінде облыстағы еріктілер қозғалысы төрт мыңнан астам адамды біріктіреді. Форум Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын қабылдау жөніндегі референдум қарсаңында ұйымдастырылды.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев еріктілер қозғалысының күші бірлікте және қолдауға мұқтаж жандарға көмектесуге дайын болуда екенін атап өтті.
— Облысымыздағы еріктілер қозғалысының болашағы зор. Біздің міндетіміз — сіздердің қозғалыстарыңыздың өсіп, нығаюына және ықпалының артуына жағдай жасау. Біз еріктілердің фронт-офистерін, жастар ресурстық орталықтарын, адамдарға нақты пайда әкелетін үздік қоғамдық тәжірибелер мен бастамаларды алдағы уақытта да қолдай береміз. Үлкен өзгерістер дәл сіздердей бейжай қарамайтын азаматтардан басталады. Мемлекет басшысы атап өткендей, сіздер референдумда дауыс беріп, Отанымыздың тағдырына үлес қосу мүмкіндігіне ие болдыңыздар. 15 наурыз күні ел тағдырына бейжай қарамайтын белсенді жастар өз таңдауын жасайды деп сенемін, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялады.

Өңірде жастар ресурстық орталықтары жанынан ашылған 14 еріктілер фронт-офисі, сондай-ақ 75 еріктілер ұйымы мен бірлестігі жұмыс істейді.

Жыл сайын облыс еріктілері мыңнан астам әлеуметтік маңызы бар іс-шара өткізеді.

Форум барысында қатысушылар өңірлік еріктілердің «Сарыарқа волонтерлерінің хартиясы» атты хартиясын қабылдады.
Іс-шарада сондай-ақ облыстың үздік еріктілер ұйымдары марапатталды. Жеңімпаздар еріктілік қызметтің түрлі бағыттарын қамтитын он номинация бойынша анықталды.

«Зерде» номинациясында ағартушылық бастамаларды жүзеге асырып, білім беру еріктілігін дамытуға қосқан үлесі үшін академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің өкілдері — Biz Barmyz ұйымы марапатталды.

Медициналық еріктілікті дамытуға қосқан үлесі үшін «Қамқорлық көзі» марапаты «Жұлдыз» ұйымына табысталды.
«Қамқор жүрек» номинациясында қайырымдылық жобаларын жүзеге асырғаны үшін «Ақниет» ұйымы атап өтілді.
«Энергия» номинациясының жеңімпазы спорттық еріктілікті дамытып, белсенді өмір салтын насихаттап жүрген VolteQ ұйымы болды.

— Бүгін біздің корпус «Энергия» номинациясы бойынша марапат алды. Еңбегіміздің бағаланғаны өте қуантады. Мен еріктілікпен бес жылдан астам уақыт айналысып келемін, бұл мен үшін саналы таңдау. Өткен жылы «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығымен марапатталдым. Қазір біздің корпуста 50 тұрақты ерікті бар, қажет болған жағдайда 80-ге дейін еріктіні жұмылдыра аламыз, — деді облыстық VolterQ еріктілер корпусының жетекшісі Жәнел Айыпова.

Тарихи-мәдени мұраны сақтау және ұлттық құндылықтарды насихаттау жобалары үшін «Ассамблея жастары» ұйымы «Баға жетпес мұра» марапатына ие болды.
«Ізгілік елшісі» номинациясында төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсеткені үшін Қазақстан Қызыл Жарты Ай қоғамының Қарағанды облыстық филиалы марапатталды.
Жануарларды қорғау бағытындағы қызметі үшін ZooHelp ұйымына «Қамқорлық» марапаты табысталды.
«Асар» номинациясының жеңімпазы корпоративтік еріктілік жобаларын жүзеге асырып жүрген KemelKeleshek ұйымы болды.
Ал «Әділдіктің тірегі» санатында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға және тегін заң көмегін көрсетуге қосқан үлесі үшін «Жүректен жүрекке» ұйымы марапатталды.
«Таза әлем» номинациясы бойынша табиғатты қорғауға қосқан үлесі үшін Теміртаудағы «Шаңырақ» еріктілер ұйымы марапатталды.

Форум қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік бағдарламамен қорытындыланды.
