
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарын 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумға қатысуға шақырды.
Өңір басшысы өз үндеуінде референдум азаматтардың тікелей ерік білдіруінің маңызды тетігі екенін және елдің одан әрі даму бағытын айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
— Жаңа Конституция мемлекеттің қазіргі қажеттіліктеріне жауап береді және заманауи жағдайда оның тұрақтылығын нығайтуға бағытталған. Негізгі заң қоғам мен мемлекеттің өзара жауапкершілігін де күшейтіп, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін бекітеді. Референдумға қатысатын Қарағанды облысының тұрғыны — бұл ел тағдырына бейжай қарамайтын және ұлттың болашағы үшін жауапкершілікті сезінетін адам, — деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкім өңір тұрғындары азаматтық белсенділік танытып, дауыс беруге қатысады деген сенім білдірді.