
Павлодар қаласында дарынды студенттер арасында «Күй-қазына» атты алғашқы өңіраралық интеллектуалдық-орындаушылық байқау өтті. Сайыс музыка мектебі-интернаты бар музыкалық колледж базасында ұйымдастырылып, қазақ халық аспаптары бөлімінің 35 жылдығына арналды.
Байқауға Қазақстанның алты қаласынан — Астана, Павлодар, Қарағанды, Өскемен, Көкшетау және Семейден жас орындаушылар қатысты. Қатысушылар күйлерді жатқа орындап қана қоймай, олардың шығу тарихын да баяндады. Осылайша қазылар алқасы орындаушылардың шеберлігін ғана емес, ұлттық музыкалық мұра жөніндегі білімінің тереңдігін де бағалады.
Байқаудың ерекше оқиғаларының бірі — К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің «Домбыра» кафедрасының PhD докторы, оқытушы Айтолқын Тоқтағанның шеберлік сабағы болды. Кездесудің тақырыбы — «Екі күйші — екі тағдыр: Дина мен Сейтектің шығармашылығы». Қатысушыларға Дина Нұрпейісова мен Сейтек Оразалыұлының музыкалық мұрасына талдау ұсынылды.

Қарағандыны байқауда Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжінің студенттерінен құралған команда таныстырды. Оның құрамында Нұрмұхамед Жаханов (4-курс), Әлия Құрмашқызы (4-курс) және Манас Әлиев (3-курс) болды. Команданың жетекшісі — Күлжамал Әбішева.
«Шертпе күйдің үздік орындаушысы» номинациясында «Қосбасар» командасының мүшесі, қарағандылық студент Нұрмұхамед Жаханов жеңімпаз атанды.
Командалық есепте бірінші орынды павлодарлық «Шалқыма» ұжымы иеленді. Екінші орынды Семей мен Астана командалары бөлісті. Үшінші орын Қарағанды, Өскемен және Көкшетау командаларына берілді.
Қарағандылық студент Нұрмұхамед Жахановтың айтуынша, байқау форматы ерекше болып, жан-жақты дайындықты талап еткен.
— Мұндай форматтағы байқау алғаш рет өтті. Біз көптеген жағымды эмоция алдық. Әрине, тек өзіміз үшін ғана емес, команда үшін де алаңдадық: мұнда әр орындаушы маңызды, — деді ол. — Зияткерлік және командалық сипаттағы мұндай сайыс жан-жақты дамуды және жаңа шешімдерді іздеуді талап етеді. Алдағы уақытта осындай байқаулардың көбейе түсуіне үміттенеміз.
Сурет Гүлмаржан Сұлтанғалиеваның мұрағатынан