
Қарағанды қаласындағы №19 мектепте полиция департаментінің бастамасымен құқықтық сауаттылық сабағы өтті. Жоғары сынып оқушыларымен облыстық полиция департаментінің бастығы Нығмет Исмағұлов және қызмет басшылары кездесті. Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологиясы мен «Қолжетімді полиция» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

Кездесу басталар алдында Нығмет Исмағұлов мектептің қауіпсіздік жүйесін тексерді. Оның ішінде бейнебақылау камераларының жұмысы және олардың Жедел басқару орталығымен ықпалдастырылуы қаралды. Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.

Мектептің акт залында құқықтық сауаттылық сабағы өтті. Оған 8–11 сыныптардың 400-ден астам оқушысы жиналды. Полицейлер жасөспірімдер үшін өзекті тақырыптар — буллинг пен кибербуллинг, есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауапкершілігі туралы айтты.

— Заңды құрметтеу — бұл өз құқықтарыңды қорғау және өз іс-әрекеттерің үшін жауапкершілік алу. Сіздер — еліміздің болашағысыздар, ал оның өркендеуі сіздердің шешімдеріңізге байланысты, — деді Нығмет Исмағұлов.

Департамент қызметтерінің басшылары мектеп оқушыларының сұрақтарына жауап беріп, өз қызметтерінен нақты мысалдар келтірді. Кездесу құқық пен жауапкершілік туралы білімді бекітуге арналған интерактивті викторинамен аяқталды.
Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша